Маңғыстауда қоқыста жатқан 50-ге жуық иттің өлексесіне тұрғындар шағымданды (видео)
Әлеуметтік желіде жария болған бейнежазбада үлкен шұңқырда ашық жатқан иттің өлекселері анық байқалады. Болжам бойынша аталған жайт Мұнайлы ауданындағы Батыр ауылының маңында болған. Сонымен қатар бір шұңқырда өлекселермен бірге тірі күшіктер жатқаны байқалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: видеокадрдан алынған
Маңғыстау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Бердібек Мархабаевтың айтуынша, қазіргі уақытта мәселенің қазір тексеріліп жатыр.
Алайда іздеу жұмыстары жүргізілгеніне қарамастан иттердің өлексесі табылмаған.
"Оқиға туралы бейнежазба жарияланған соң басқарма мамандары іздеу жұмыстарын бастады. Облыстың Мұнайлы ауданына қарасты Батыр ауылының әкімдігімен сөйлестік. Елдімекен маңынан иттің өлекселері табылмады. Әкімдік мамандары ауылда арнайы жою орны барын атады. Бұдан бөлек, Маңғыстау ауданында болғаны туралы болжам айтылды. Алайда ауданда да бұл оқиға тіркелмеген. Қазір тиісті жұмыстар қолға алынып, жағдай бойынша іс-шаралар жүзеге асырылады. Жұрттан түскен шағым ескерусіз қалмайды", – деді Бердібек Мархабаев.
Бұған дейін Ақтауда қаңғыбас иттерді аулап, кейін өлекселерді өртеу кезінде шыққан түтінге тұншыққан тұрғындар шағымданған еді. Бұған қатысты Маңғыстау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшылығы оқиғаның барлығы тиісті нормаларға сәйкес атқарылып жатқанын атаған болатын.
Еске салайық, құс тұмауының ошағы тіркелген Маңғыстау облысында өлген аққулардың саны 227-ге жетті. Ақпаратқа қарағанда, жергілікті экологтар зерттеу жүргізіп, аққулардың құс тұмауынан өлгенін анықтаған. Бұл туралы Маңғыстау облысының экология департаменті хабарлаған.