Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Маңғыстауда алаяқ қала тұрғынын митингке шығу арқылы жұмысқа орналастыруға уәде берген

Маңғыстауда алаяқ қала тұрғынын мұнай компаниясына жұмысқа орналастырамын деп алдап, ақшасын жымқырған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, алаяқтың үстінен қала тұрғыны арызданған. Жәбірленушінің айтуынша, белгісіз ер адам оған "ОйлСервисКомпани" ЖШС-не жұмысқа орналасуға көмектесемін деп уәде беріп, ақшасын алып кеткен.

"Алаяқ жәбірленушіден бір миллион теңге көлемінде ақша алған. Сонымен қатар алаяқтық жасаған күдікті жәбірленушіні Жетібай ауылындағы жұмыссыздардың митингіне шақырып, митинг арқылы жұмысқа орналастырамын деп уәде берген. 
Жәбірленуші мұның бәрі алаяқтық екенін түсінген бойда дереу құқық қорғау органдарына хабарлаған", - делінген хабарламада.

Криминалдық полиция қызметкерлері күдіктіні ұстаған.

"Қарақиян ауданының тұрғыны Ж. Көкбаевқа қатысты Қылмыстық кодекстің 190-бабы "Алаяқтық" бойынша фактілер тіркелді. Тергеу күдіктінің тағы қанша азаматты дәл осылай алдағанын анықтап жатыр", - деп хабарлады басқарма. 

Полицейлер азаматтардан қырағы болып, алаяқтардың айласынан сақ болуды сұрайды.​

Талқылау