Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ҚМГ: West Oil Software жұмысшыларын келіссөзге шақырып келеміз

Маңғыстау облысында өткен жылдың соңынан бері ереуілде тұрған West Oil Software жұмысшыларының ереуіліне қатысты "ҚазМұнайгаз" ҰК АҚ мұнай сервисі департаментінің директоры Жасұлан Балуанов Stan.kz-ке сұхбат берді. Ұлттық компания өкілі еңбек дауын шешуде талап қоюшы тарапқа тиісті ұсыныстар жасалғанын атады. 

- West Oil Software жұмысшыларының ереуілде тұрғанына бесінші айға жуықтады. Осы уақыт ішінде ереуілшілердің талабы өзгермеді. Бұдан бөлек, көпшілігі жұмысқа шығудан әлі де бас тартып отыр. Аталған серіктестік "ҚазМұнайГаздың" еншілес кәсіпорнына қызмет көрсететін мекеме. Жұмыстың бір бөлігі тоқтап тұрғанын ескерсек, осы уақытқа дейін ереуілден қанша көлемде шығын келді?

- Біз бұған дейін шығындар 1 млрд теңгеден асты деп айтқан болатынбыз. Бірақ бүгінде олардың төмендегенін байқап отырмыз. Бұған себеп, тапсырыс беруші мен West Oil Software мұнай өндірудің төмендеуіне жол бере алмайды. Сондықтан нарықтан техниканы алуға тура келді. Осыдан үнемдеу болып, келген шығындарды өтей бастады.

West Oil Software тарифтері жалақыға байланысты нарықтағы техникамен салыстырғанда жоғары болып отыр. Болашақта, егер осылай жалғаса берсе, West Oil Software жұмысшылары алып отырған жұмыстардың көлемі қайта қаралуы мүмкін.

- Елімізде кейбір өңірлерде көктемгі тасқын суға байланысты төтенше жағдай жарияланғаны белгілі. Атырау облысының Жылыой ауданының орталығын су басуына байланысты 18 мыңға жуық тұрғын Маңғыстауға эвакуациаланды. Жағдай қиын болғанына қарамастан алайда жұмысшылар ереуілді тоқтатпағанға ұқсайды. Ұлттық компания өкілі ретінде сіздің ойыңыз қандай?

- Біздің отандастарымыз су тасқыны жағдайына байланысты сынақтан өтіп жатыр. Маңғыстаудағы еншілес мекемелер және оның қызметкерлерінің Атырау облысына ақшамен, азық-түлікпен, техникамен және басқа да құралдар-жабдықтармен көмек көрсету жөніндегі күш-жігерін ерекше атап өтуге болады. Бұл бізді одан әрі біріктіре түсті. Атырау қаласында төтенше жағдай режимі жарияланды. Ал ҚМГ-ның ірі және стратегиялық маңызды активтері сол жерде орналасқандықтан олардың қызметін үздіксіз қамтамасыз ету қажет. Салдарды жою және алдын алу үшін бар күш-жігеріміз бен назарымызды аударуымыз керек. Дегенмен біз Жетібайдағы жағдайды қаперде ұстаймыз. 

- Жұмысшылар осыған дейін келіссөзге ешкім келмегенін айтқан болатын. Өткен жылдан бері "ҚазМұнайГаз" ереуілшілермен кездесуге бармағаны қаншалықты рас?

- Біз West Oil Software жұмысшыларын үнемі келіссөздер жүргізуге шақырып келеміз. Мысалы соңғы үш күнде ҚМГ өкілдері Жетыбайға барып, талап қойған жұмысшыларды диалогқа шақырды. Қызметкерлер әлі де Еңбек кодексінің 174-бабы бойынша келіссөздер жүргізуді талап етеді. Бұл бап, егер ереуіл заңды түрде жүргізілсе ғана келіссөздер жүргізуді көздейді. Өздеріңіз білетіндей, сот оны заңсыз деп таныды. Сондықтан бұл бапты осы жағдайда қолдану мүмкін емес. Бұл ретте заң аясында еңбек дауын реттеудің басқа да көптеген жолдары бар. 174-бапты қолдану үшін ереуілді ұйымдастырудың барлық талаптарын орындау қажет екенін түсіну үшін заңгер болудың қажеті жоқ. Мысалы, ереуіл ұйымдастырушылардың тарапынан ҚР ЕК-нің 172-бабы орындалмады. Соған сәйкес ереуіл өткізу туралы шешімде ереуіл кезеңінде орындалатын жұмыстар мен қызметтердің ең аз көлемін көрсету қажет болды. Бірақ ол орындалған жоқ. Бұл жерде кен орнының апатсыз жұмысын қамтамасыз ету үшін ең аз тізімді жасауға және жұмыс көлемін анықтауға болатын еді. Бұл туралы  West Oil Software  өзі хатымен жұмысшыларына жеткізді (28.11.2023 ж.). Жұмыс беруші ереуілді ұйымдастырушыларға осы талапты орындау қажеттілігін атап өтті. Егер уақыт қажет болса, 16.11.23 жылғы арбитражда берілген West Oil Software компаниясының "Еңбек арбитражын жаппай, 2024 жылдың шілде айына дейін тоқтата тұрайық" деген ұсынысын қабылдауға болар еді.

- Жұмысшылардың көп бөлігі бұрын ОТК мекемесінің құрамында болған. Кейін 5/50 бағдарламасымен өз еріктерімен қомақты өтемақы алып жұмыстан шыққаны белгілі. Олардың бір бөлігі артынан жекеменшік компанияларға жұмысқа тұрғаны белгілі. Сол кезде жұмысшыларды өздері айтқандай штатқа қайта алу туралы уәде берілді ме?

- 2018 жылы ОТК-мен келісімшартты бұзған кезде қызметкерлер екіжақты келісімге қол қойды. Мысал ретінде менің қолымда бірнеше келісім шарттары бар. Солардың 6-тармағында осы келісімге қол қойған сәттен бастап шарт бұзылды деп саналады. "Тараптардың бір-біріне кінәраттары болмайды" деп айтылған. Ең бастысы, қызметкерлерге орташа есеппен 10 млн теңгеден астам өтемақы төленді. Осы келісім бойынша ОТК өзінің барлық міндеттемелерін толықтай орындады. ОТК-ны жұмысшыларды жұмысқа қайта қабылдауға міндеттейтін бірде-бір құжат жоқ.

- ҚМГ талаптардың бірін орындауға келіскенін айтты. West Oil Software – жекеменшік мекеме. Сонда ұлттық компания жаңа техниканы өз қаржысынан бөліп отыр ма?

- ҚМГ лизинг механизмі арқылы техниканы алуға көмек көрсетуде. Бүгінгі таңда West Oil Software техникасын жаңарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. 2023 жылы 17 бірлік арнайы техника сатып алынды. Биыл жеткізілетін 70 бірлік техникаға екі келісім-шартқа қол жеткізіп отырмыз. Бірінші келісім-шарт 26 бірлік арнайы техникаға, екінші келісімшарт – 44 техникаға жасалған. Оның ішінде 8 бірлік техника жеткізілсе, тағы 5 бірлік техника су тасқынына байланысты Атырау қаласында тұр. Қалған техника кесте бойынша келеді. Қорыта айтқанда жылдың соңына дейін 70 бірлік техника жаңартылады.

- Әңгімеңізге рахмет!
 

Талқылау