Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Маңғыстау облысында шерушілер өз жұмыстарына оралды

Маңғыстау облысында West Oil Software мұнай сервистік компаниясы мен Great Wall Drilling компаниясының жұмысшылары әлі ереуілге шығып жатыр. Ал кей жұмысшылар өз қызметтеріне оралды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қарақиян аудандық соты West Oil Software компаниясының ереуілін заңсыз деп таныған. Әкімдіктің хабарлауынша, компания енді ереулшілермен еңбек шартын кодекске сай бұзып жатыр.

Желтоқсан айында 200-ге жуық жұмысшы ереуілге шыққанымен, түсіндіру жұмысынан кейін 57 адам қызметіне оралды. Қалғаны компанияны "ҚазМұнайГаз"-ға беруді талап етіп отыр.

"Бұрғылау компаниясының 30-ға жуық қызметкері екеуілді кеңсе алдында жалғастырып жатыр. Айта кетейік, бұлар – жалақысы 50% төленіп, бос тұрып қалған жұмысшылар. Тапсырыс беруші мен жұмыс беруші келіскеннен кейін белгілі бір қызметкерлер жұмысқа шығады деп болжанды", – делінген әкімдік хабарламасында.

Бұған дейін "Мұнайспецнаб" компаниясы мен KMG-Security-де ереуіл болған. Жұмысшылар жалақысын "ҚазМұнайГаз" АҚ-ның бірыңғай еңбекақы жүйесінің 70% көлемінде белгілеуді және ұлттық компанияның бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығы бойынша кейбір кәсіптердің қатарын көтеруді бірінші болып талап етті. Әкімдіктің, ұлттық компанияның, жұмыс берушінің, құқық қорғау және қадағалау органдарының өкілдерімен кездесуден кейін ереуілшілер жұмысқа оралды. Қазір олардың талаптары қаралып жатыр.

KMG-Security ауысым басшыларын жұмыстан шығаруды талап етті. Түсіндіру жұмысының нәтижесінде 16 қаңтарда наразылық білдірушілер толық құрамда еңбек міндеттерін орындауға оралды.

"Облыс әлеуметтік-еңбек саласындағы жағдайды тұрақтандырып жатыр. Қауіп аймағындағы кәсіпорындарда жұмыс тұрақты жалғасуы үшін мүдделі қадағалау және құқық қорғау органдары Ақтаудағы “ҚазМұнайГаз” өкілдігімен бірлесіп, жедел әрі жүйелі шараларды ұйымдастырып жатыр”, – дейді әкімдік.

Облыс басшылығы еңбек кодексіне сай ұжымдық еңбек дауларын әуелі жұмыс беруші қарайтынын еске салды. Шешім табылмаса, бітімгерлік комиссиясы тартылады. Егер бұл келісім бермесе, онда еңбек арбитражына жүгінеді. Егер бұл арбитраж кейбір мәселені шеше алмаса, оны судьялар шешеді.

Облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы жөніндегі департаменті күн сайын Маңғыстау кәсіпорындарындағы еңбек қатынастарының жағдайын бақылап отырады. Кәсіпорындардағы жағдайды өңірлік деңгейдегі үшжақты комиссия қарайды. Бұл комиссияда жұмыс берушілер де, кәсіподақ басшылары да сөз сөйлейді.

Еске салайық, бұған дейін Маңғыстау облысындағы "West Oil Software" ЖШС жұмысшыларының ереуілі заңсыз деп танылған еді. Маңғыстау облысының мұнайшылары мен теміржолшылары "West Oil Software" компаниясының материалдық-техникалық базасын жаңарту, "West Oil Software" компаниясының жұмысшыларын "ҚазМұнайГаз" АҚ құрамына қосу, жалақыны бірыңғай еңбекақы жүйесіне сәйкестендіру сияқты талабын айтып, жаппай ереуілге шыққан. 17 желтоқсанда ереуілдің жетінші күні ереуілге шыққан мұнайшылардың саны 500-ден асқаны айтылды.

Талқылау