Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Маңғыстау облысында міндетті вакцинацияға қарсылық білдірген жұмысшылар наразылыққа шықты

Маңғыстауда жұмысшылар вакцина алмаймыз деп наразылық білдіруде. Өйткені кешеден бері "МАЭК-ҚазАтомӨнеркәсіп" компаниясы екпе алмаған қызметкерлерін ақысыз демалысқа жіберген. Ал 100 шақты жұмысшы бұған қарсылық білдіріп, компания алдында ереуілге шықты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап. 

ереуіл

Ақтауда атомдық энергетикалық комбинаттың 100-ге тарта жұмысшысы вакцина алмағандықтан жұмыстан шеттетілген. Бұған азаматтардың екі күннен бері коронавирусқа қарсы екпе алуға қарсылық білдірулері себеп. Сондықтан бір топ қызметкер күні бойы компания ғимаратының алдында тұрып басшыларына талаптарын жеткізді. Бірақ өздері вакцина салдыруға үзілді-кесілді қарсы.

“Еңбек кодексіндегі 112-баптың1-тармағы бойынша 50 пайыз жұмысшыларды жұмысқа жіберсін. Екіншіден, мекеменің өзі ПЦР тестін төлеп, жұмысқа шығаруды талап етіп отырмыз. Бұлар әлі шеше алмай жатыр”, – дейді жұмысшы Жанболат Иса.

“Мәжбүрлеуге болмайды. Мысалы, ит тістеп алса да өзім барып алам ғой вакцинаны, менің денсаулығымды өзімнен басқа кім ойлайды?” – дейді жұмысшы Наурыз Тоқтамысұлы

Ал өңірді су, жылу және электр қуатымен қамтып отырған монополист компанияның басшылығы қазіргі уақытта келіссөздер мен түсіндіру жұмысы жүріп жатқанын айтты. Алайда вакцина алмаған жұмысшыларды демалысқа жіберіп, 50 пайыз жалақы төлеуге келіспейтіндерін бірден айтты. 

“Еліміздің бас санитарының соңғы қаулысына сүйеніп отырмыз. Біз үшін қызметкерлердің қауіпсіздігі маңызды. Жұмысшыларымыздың талаптарымен таныстық. Талапты орындаймыз ба немесе бас тартамыз ба жұмыс комиссиясы шешеді. Бірақ 50% жалақы төленсін дегені орынсыз. Үйде жатып айлық алса, олардың кесірінен қалған жұмысшылар артық жұмыс істеуге мәжбүр болады”, – дейді "МАЭК-Қазатомөнеркәсіп" ЖШС адам ресурстарын басқару департаментінің директоры Андрей Могилин.

Осылайша атомдық энергетикалық комбинатының басшылығы қандай шара қолданса да бас санитардың қаулысына сәйкес әрекет ететін жеткізді. Себебі ереуілге шыққандар екпе алып, ұжымдық иммунитетті қалыптастырмаса, 4 мыңға жуық адам жұмыс істейтін компания жұмысшыларының денсаулығына қауіп төнеді дейді.

Еске салсақ, бұған дейін екпеге қарсы азаматтар Нұр-Сұлтан қаласында митингке шыққаны айтылған еді. 

Талқылау