Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Маңғыстау облысында әкімдік пен тұрғындар арасында дау тудырған жол жабындысының сапасыз екені анықталды

Маңғыстау облысы Баянды ауылындағы жол сапасына байланысты "Жол активтері ұлттық сапа орталығының" қорытындысы шықты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.  

жол

Бұған дейін осы ауыл тұрғындары жаңадан салынып жатқан асфальт жабындысының сапасын сынға алып, оны видеоға түсіріп, желіге жүктеген еді.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов тексеру жүргізуді тапсырған еді. Осыған байланысты Баянды ауылындағы сапасыз салынған жолдың құрылысын тексеруге "Жол активтері ұлттық сапа орталығының" инженерлері барды.

"Көтерілген мәселе бойынша бірқатар кемшіліктер анықталды. Сметалық құжат дұрыс және толық жасалмаған, 6 көшеге ортақ бір ғана құжат әзірленген. Сондай-ақ, ақау тізімдемесінде геометриялық сипаттамалары, яғни көше ұзындығы, төсемнің құрылымдық қабаттарының ені және қалыңдығы да көрсетілмеген. Зауыттан шыққан асфальт-бетон қоспасы нормативтік талаптарға сай болғанымен, мердігер мекеме төсеу кезінде қателіктер жіберген. Сонымен қатар, қарастырылған құжатта негізді өңдеуге арналған битумның шығыны нормадан екі есеге аз көрсетілгендіктен, асфальт төсемі мен астыңғы қабаты бір-бірімен дұрыс қабыспауына әкеліп соқты", - делінген хабарламада.

Бұл кемшіліктердің себебі - техникалық құжаттар сараптамасының және техникалық қадағалаудың болмауы.

Тексеру жүргізген инженерлер ақаулардың болуы жол салумен айналысқан мамандардың кәсіби деңгейінің төмен екенін көрсететінін атап өтті.     

Еске сала кетейік, Маңғыстаулық шенеуніктер жол жабындысының сапасын сынаған тұрғындармен соттаспақ ниеті бар екенін мәлімдеген болатын. 

Талқылау