Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Маңғыстау облысында 50 жолаушысы бар автобус аударылып, төрт адам қаза тапты

Фото: Көлік министрлігі баспасөз қызметі

Маңғыстау облысын Ақтау-Бейнеу тас жолында жолаушылар автобусы апатқа ұшырады. Салдарынан төрт адам қаза тауып, 42 жолаушы жарақат алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Көлік министрлігінің мәліметінше, 2026 жылы 16 қаңтар күні түнгі сағат 01:03 шамасында KZ-11 автожолының “Доссор-Құлсары- Бейнеу-Сайөтес-Шетпе-Жетібай-Ақтау” бағыты бойынша 383-шақырымында Yutong маркалы жолаушылар автобусы апатқа ұшырады. Автобус өткен жылы 19 желтоқсанда техникалық тексеруден өткен және CASPIAN TRANS CORPORATION ЖШС-не тіркелген.


Алматы маңындағы жантүршігерлік жол апаты: Үндістаннан келген студенттер қаза тапты


Астанада көктайғақ салдарынан 3 автобус жол апатына ұшырады (видео)


“Yutong автобусының жүргізушісі рульді басқара алмай, 50 жолаушысы бар автобус арыққа аударылған. Салдарынан 4 адам оқиға орнында көз жұмды. Ал 42 адам жарақат алып, оның 17-сі ауруханаға жатқызылды. Қалғандары амбулаториялық емдеуге жіберілді”, –делінген хабарламада. 

Аталған автожол учаскесі II техникалық санатқа жатады. Жол асфальтбетонмен төселген, жүру бөлігінің ені 9 метр және жол жамылғысында ешқандай ақау жоқ. Жолда болуы тиіс барлық жол белгілері жоспарға сай толық орнатылған.

“Жол-көлік оқиғасы түнгі уақытта болған. Апат кезінде рульде 1985 жылы туған жүргізуші отырған. Екінші жүргізуші апатқа дейін шамамен 200 шақырым бұрын ауыстырылған”, – делінген хабарламада. 

Маңғыстау облыстық полиция департаменті оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған апат бойынша тергеу жүргізіп жатыр. 

Айта кетейік, бұған дейін 8 қаңтар күні “Астана – Петропавл” тас жолында “Toyota Camry” және “Shacman” жүк көлігінің қатысуымен жол апаты болып, 4 адам қаза тапқан еді. 

Жұмаділлә Нұрила
Жұма, 16 Қаңтар, 2026 10:32