Мамыр айында құлпынайдан улану мүмкін бе - Мамандар түсіндірді
Мамыр айында көкөністер, жемістер мен жидектерді жеу қауіпті. Санитарлық дәрігерлер ерте сатылған ауылшаруашылық өнімдерінің қауіптілігі туралы ескертті деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Жемістер қазір піскен сияқты болғанымен, оларды жегенде мұқият болу керек. Көктемгі алма, құлпынай және кәділерді мінсіз пішінге келтіру үшін оларға химикат қосылады. Нитратт сынды химикаттардан улануға болады.
“Мезгілінен ерте сатылған көкөністер мен жемістер улануға әкеледі. Өйткені оларда пестицидтер мен нитраттардың мөлшері рұқсат етілген нормадан асып кетуі мүмкін. Жосықсыз өндірушілер тыңайтқыштардағы нитраттарды рұқсат етілген деңгейінен әдейі көп қосады. Өнім тез өсіп, түрі әдемі болуы үшін сондай қадамға барады”, – деді Абай облысының БСЭК тамақтану объектілерін бақылау және қадағалау бөлімінің басшысы Әйгерім Мұсатаева.
Кейбір сатушылар өнімнің қайдан келгенін де білмейді. Жылыжайда өсетінін білгенімен, қандай химиялық заттар қосылғанынан хабардар емес, құжаттары жоқ.
Диетолог Елена Мамай көкөністер мен жемістерді таңдауда өте мұқият болуға шақырды. Ол бейтаныс сатушылардан көкөніс сатып алмауға тырысады. Сондай-ақ экотестер қолдану керек екенін айтты.
“Құлпынайды алып, тестерді жабыстырамыз және "ОК" батырмасын басамыз. Өлшеу жүреді. Бір килограмға 100 миллиграмм болса, бұл қалыпты. Аппарат "нитраттардың мөлшері қалыпты" деп шығарады. Сондықтан мұны қорықпай жей беруге болады”, – деді диетолог.
Ал сыйлық ретінде ұсынылатын шоколадты құлпынайдың қаупі зор. Өйткені бұл жидектердің қайдан келгенін ешкім білмейді. Сондай-ақ қызылша, кәді, қырыққабат, шалғам және шабдалыда нитрат көп кездеседі. Әсіресе қарбыз мен қауын таңдағанда абай болу керек. Тамыз айының соңына дейін оларды жеу мүлдем қажет емес.
“Мезгілімен тұтынғанды құп көремін. Бірақ өндіруші норманы сақтаса, онда жылыжайдан өскен өнімдерді жеуге рұқсат”, – деді Мамай.
Температура мен судың әсерінен нитраттар азот қышқылының тұздарына айналады. Олар адамға зиян тигізеді. Сарапшылардың айтуынша, дене аз мөлшердегі химиялық заттарды жеңе алады, бірақ жоғары концентрация аллергиялық реакциялар мен улануға әкеледі.
Пестицидтердің үлкен концентрациясы көкөністер мен жемістерде, соның ішінде шөптерде байқалады. Бірақ олардан толық бас тартудың қажеті жоқ. Тек оларды тұтынар алдында дайындау керек. Жемістер мен көкөністерді тоңазытқышқа салмас бұрын, оларды жуып, өңдеп, орап, таза күйінде сақтау керек”, – деді дұрыс тамақтану бойынша сарапшы Екатерина Исабаева.
Химиялық заттардан уланып қалмас үшін сарапшылар жемістерді жібітіп алуды ұсынады. Кең ыдысқа бөлме температурасында қайнатылған су құйып, тұз қосу керек. Бір литрге бір ас қасық тұз жеткілікті. Тұздың орнына алма сірке суын қолдануға болады. Жеміс-жидек, көкөністерді ерітіндіге салып, жарты сағатқа қалдырамыз. Содан кейін оны таза сумен шайып, майлықпен сүрту керек. Бұл процедура зиянды заттардың әсерін азайтуға көмектеседі.

"Құс үркітіп сағатына 8 200 теңге таптым": Англияда жүріп 1 миллионнан аса айлық алатын қазақстандық жұмысы туралы айтып берді
