Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мамандар ұйқы кезінде қорылдау қауіп төндіруі мүмкін екенін айтып, дабыл қақты

Фото: stock.adobe.com

Дәрігерлер қорылдау адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Евразия арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Қорылдау түнде тыныс алудың уақытша тоқтауына, күндізгі созылмалы шаршауға, тіпті инсультке алып келуі мүмкін екен. Бүгінде әлемде 1 миллиардтан астам адам осындай сырқаты бар екенінен бейхабар дейді маман. 

"Тәжірибемде бір сағат ішінде тынысы 120 рет тоқтайтын науқастар болды. Яғни, бір сағатта 120 апноэ. Апноэ – тыныс алудың кем дегенде 10 секундқа тоқтауы. Бір сағатта 60 минут барын ескерсек, бұл — өте көп. Бұл ауру тек тыныстың тоқтауымен шектелмейді. Жанама түрде жүрек-қантамыр жүйесі ауруларын, қант диабеті, қан қысымының күрт көтерілуі сияқты дерттерге де себеп болады. Айта кетейік, қорылдайтын әрбір адамда апноэ болады деген сөз емес. Бұл уақытында емделмеген жағдайдың салдары", – дейді дәрігер. 

Фото: Видеодан скрин

Сондай-ақ маман аурудың негізгі белгілерін де атап өтті: 

Бірінші белгі – күндізгі ұйқышылдық. Адамның ұйқысы қанбайды, сергек жүрмейді;

Екінші белгі – адам семіздікке бейім болады. Тіпті осы аурудың өзі семіздікке әкелуі мүмкін.

Бір азамат бес жылдан бері қатты қорылдайды екен. Алайда ол оның ар жағында өмірге қауіп төндіретін ауру барын білмеген.

"Үнемі ұйқым кеп жүреді. Кейде түс сияқты болатын. Сөйтсем, түнде өмір мен өлім арасында арпалысып жатқан екенмін. 8 сағат ұйықтасам, оның 4,5 сағатында тынысым тоқтап, түнде қиналғаным бар. Диаграммадан бәрі анық көрінеді — кейде 2 минутқа дейін тыныс тоқтаған. Шошып кеттім", – дейді ол. 

Тағы бір Виталий есімді пациент қанша жылдан бері осы дертпен алысып келе жатқанын айтты. 

"Осы дерттен жылдар бойы зардап шегіп келемін. Әкемде де осындай мәселе болған. Біртіндеп жағдайым қиындай берді: ұйқышылдық, ұмытшақтық пайда болды, энергиям мүлде қалмады", – дейді ол. 

Фото: Видеодан скрин

Апноэ міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберіне кірмейді екен. Сондықтан көп адам жекеменшік емханаларға жүгінуге мәжбүр.

"Өінішке қарай, өлім жағдайлары да болды. Кейбір науқастарға диагноз қойылып, ем ұсынылды, бірақ олар түрлі себеппен (көбіне қаржылай) ем бастамай қойған. Кейін инфаркт немесе инсульт алып, қайтыс болды", – дейді дәрігер. 

Апноэны емдеуде таблеткалар, мұрынға арналған спрейлер көмектеспейі екен. Ол үшін арнайы тыныс алу жаттығулары бар, бірақ оның да нәтижесі төмен.

Бүгінде әлем бойынша ұйқы апноэсын емдеудің жалғыз тиімді әдісі – СИПАП-терапия. Бұл – арнайы маска арқылы тыныс жолдарына ауа беріп отыратын құрылғы. Кей адам 2-3 жыл қолданады, ал кейбіреулер өмір бойы маскамен ұйықтайды.

Қарапайым қорыл апноэ болмауы да мүмкін. Бірақ оның алдын алу үшін профилактика маңызды:

артық салмақтан арылу;
ұйқы мен демалыс режимін сақтау;
алкоголь мен темекіден бас тарту.

Осы қарапайым ережелер қауіптің алдын алып, ұйқы сапасын жақсартуға көмектеседі екен. 

Жұмаділлә Нұрила
Сенбі, 14 Маусым, 2025 16:47
Талқылау