Қуаңшылық пен азық-түлік бағасының қымбаттауы әсер етуде: Кәсіпкерлер мейрамхана мәзірінің бағасын 2,5 есе арттырмақ
Күзде қуаңшылық пен жем-шөптің жетіспеушілігінен шаруалар мал басын азайтуға мәжбүр болады. Ал бұл мейрамхана мәзірі 2,5 есе қымбаттауына әкелуі мүмкін дейді мамандар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Хабар24 арнасына сілтеп хабарлайды.
Қазақстан ет одағының төрағасы Мақсұт Бақтыбаевтың айтуынша, малдың көп сойылуы көтерме бағаны түсіреді. Кейін баға қайта қымбаттайды. Әзірге сиыр етінің көтерме құны 1600 теңге. Ал алыпсатарлар үстінен 1000 теңге көріп отыр. Жем-шөп былтырдан бері 60 процентке өскен. 1 тонна арпа 85 мың тг сатылады.
Карантиннен кейін көпшілік мейрамханаларға ағылуды азайтқан. Әрі шектеулер де толық алынбағаны белгілі. Маусым қымбатшылықпен басталуына байланысты. Мамандар мәзірді қымбаттатуы мүмкін. Азық-түлік бағасының шарықтауы мейрамхана мен дәмханалардың ас мәзіріне әсерін берді. Қоғамдық тамақтану қауымдастығы басқарма төрағасының кеңесшісі Вероника Нұрпейісованың айтуынша, ахуал мүлде аянышты.
Салада маман жоқ. Бәрі жалақыны көтеруді талап етеді. Қысылтаяң шақта меймандардың да көңілін қалдыруға болмас. Сондықтан кәсіпкерлер мәзірді қымбаттатуға асықпайды. Салдарынан орташа есепшот бұрынғыдан үш есе азайған. Ірі қалалардағы қарыз 15 млн теңгеге жетіп жығылады. Енді қоғамдық тамақтандыру орындарының иелері қызмет ақысын көтеруді көздеп отыр.
“Біз былтыр жеткізіп беру қызметін арттыруға тырыстық. Бірақ онымен жыртық жамау мүмкін емес. Отандық өнімдер қымбаттай беретін болса, дәмхана-мейрамханалардың 30 проценті жабылады. Қазірдің өзінде өңірлердегі қарыз 5-6 млн болса, ірі қалаларда 12-15 млн теңгеден асады. Әйтеуір "Ашық" жүйесі арқылы жұмыс істеп, берешегімізді өтеп жатырмыз. Кәсіпкерлердің саптан шығып қалмауы үшін бағаны 2,5 есе көтеру керек. Өйткені мұздатылған етпен кәуап жасай алмаймыз. Яғни ет қымбаттаса, біз де өнімдерімізді қымбаттатуға мәжбүр боламыз”, – дейді ҚР Қоғамдық тамақтану қауымдастығы басқарма төрағасының кеңесшісі Вероника Нұрпейісова.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
