Мамандар Алматыдағы президент резиденциясын неліктен қалпына келтіру мүмкін еместігін түсіндірді
Алматыда орналасқан президент резиденциясын алдағы жарты жылда сүру жоспарланып отыр. Бұл үшін алдымен ғимаратты тарихи және мәдени ескерткіштер тізімінен шығару керек екен. Мұндай деректермен мамандар бөлісті. Сарапшылар нысанды толық зерттеп, нәтижесін арнайы комиссияға жолдаған. Ал жұмысшылар ғимаратты бұзу жұмыстарын жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Қаңтар оқиғасы осыдан екі ай бұрын болды. Бұл уақыт аралығында президент резиденциясында сарапшылар жұмыс істеген. Олар барлық зақымдарды зерттеп шыққан. Ал архитектура ескерткішін қайта қалпына келтіруге болады деп сенген үкімет жұмыстар жыл соңына дейін аяқталады деп айтқан еді.
"Біздің нормативтік құжаттар, жүргізілген зерттеу мен техникалық жағдайын бағалау деректері бойынша ғимаратта апатты жағдайда тұрған бірнеше конструкция бар", – деді Қазақстан көпсалалы қайта құру және дамыту институтының директоры Жұмағұл Нугужинов.
5 қаңтарда жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқандар Алматы резиденциясына басып кірген. Олар ғимаратты қиратып, өрт қойған. Салдарынан кабинеттер мен кіреберіс, шаруашылық нысандар толығымен жанып кетті. Сарапшылар резиденцияның әбден қирағанын алға тартады.
Бірнеше айдың ішінде ғимараттан өртенген жиһаз бен техникалар шығарылған. Қазір құрылыс бригадалары еден жабындылары мен желдету жүйелерін бұзу жұмыстарын бастап кетті.
Әкімшілік ғимаратты зерттеген мамандар өрттен шатыр мен көтеруші темір арқалық жүйесінің қатты зақымдалғанын анықтады. Мамандар оларды қалпына келтіру қиынға соғатынын және қымбатқа түсетінін мәлімдеді.
Президент резиденциясы 80-жылдары Ленин мұражайының филиалы ретінде салынған, алайда кейін құрылыс жұмыстары 9 жылға тоқтап қалған.1993 жылы жұмыс жанданып, нысанды резиденция етіп өзгерткен.
Жақында жұмысшылар металл конструкцияларын бұзуға кіріседі. Мамандардың сөздерінше, бұл жарты жылға созылуы мүмкін.
"Қазір Қазақстан көпсалалы қайта құру және дамыту институтының қорытындысын күтіп отырмыз. "Қазреставрация" қорытындысымен бірге Мәдениет және спорт министрлігіне өтініш беріледі. Бұл шамамен бір ай уақытты алады", – деді Президент әкімшілігі мен ҚР үкіметі әкімшілік ғимараттар дирекциясы Алматы филиалының директоры Ермек Дүйсенбинов.
Айта кетейік, бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың резиденцияны сүріп, орнына саябақ салу туралы бұйрық бергенін хабарлаған едік.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
