Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мама, мен бай боламын, сөз берем": Ақтөбелік жетім бала өзін тастаған анасын әлі іздеп жүр

Ақтөбеде балалар үйінде тәрбиеленіп өскен Еламан туған анасын іздейді. Әкесі қайтыс болған. Туған ағасы бар. Анасының басқа күйеуінен туған әпкелері бар. Бірақ олармен араласпайды. Анасының өзінен бас тартқанын айтады. 

Бұл туралы "Кел, татуласайық" бағдарламасында айтылды.

Суреттен анасын таныған Еламан татуласуға өтініш айтты.

"Сіз мені қазір тыңдап тұрсыз. Оны білемін. Маған хабарласыңызшы. Татуласқым келеді. Мен үйленемін. Тойымда билеп жүргеніңізде қалаймын. Мен бай боламын. Сізге сөз беремін. Неге менен бас тартасың?", - деп көз жасына ерік берген бозбала көпшілікті жылатты. 

Бағдарлама қонақтары көңілі босап, ана мен баланың қиын тағдырына куә болды. 

Еламанды экран арқылы көрген алматылық әйел оған телефон сыйға тартты. Бір күн қыдырып, тамақтандырды. Қаладағы ойын-сауық орталығында демалды. Туған анасы болмаса да Еламанның бір күн көңілін аулады. Еламан Айнаш есімді жалғызбасты анаға алғысын айтты. 

"Анамды тауып, оны баққым келеді. Бірге болғым келеді" деген Еламанның анасынан әзірге хабар жоқ. Алайда бала жүрек анасымен татуласатынына сенімді. 

"Маған үй де, ақша да керек емес. Мен көмек сұрап келген жоқпын. Мен қайыр сұрап келген жоқпын. Маған анаммен татулассам болды. Басқа ешнәрсе сұрамаймын", - деді ол.

Бұған дейін Еламан бағдарламаға келіп, анасына іздеу салған еді.

Талқылау