Мал қораның жанында: Қызылорда облысында оқушылар екі бөлмелі мектепте оқуға мәжбүр
Қызылорда облысында алты оқушы мал қоралардың маңындағы екі бөлмелі мектепте оқып жатыр. Саусақпен санарлықтай оқушылары бар білім ұясы Шиелі ауданының Ақтам елді мекенінде орналасқан. Шағын мектепте заман талабына сай интерактивті тақта, мультимедиалық кабинет түгілі балалар ойнайтын даладағы алаң да жоқ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "31" арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Шиелі ауданынан небәрі 15 шақырым жердегі Ақтам ауданындағы мал қоралар мен үйлердің арасындағы ғимараттың мектеп екенін тек төбесіндегі туынан ғана ажырата аласың. Өйткені білім ұясының шарбағы шеңгелден жасалған. Ескірген шағын ғимаратты сырттан келген адам бірден байқай қоймайды.
Шенгелмен қоршалған аулада тіпті ойын алаңы да жоқ, қоңырауды қолмен соғады. Бұл жерді цифрландырудың ауылы алыс секілді, себебі алты оқушы оқитын мектепке білім бөлімінен тек бір ғана планшет бөлінген.
"Қиындығы бір сыныпта 1-ден 4-ке дейінгі сыныптар отырады. Сосын, 40 минутта бүкіл 4 сынып оқушысынан сабақты сұрап та, үйретіп те үлгеруің керек", - деді мұғалім Сандуғаш Кершебаева.
Ал тиімділігі әр баламен жеке жұмыс істеуге мүмкіндік бар, дейді барлық пәннен сабақ беремін деген мұғалім.
Мектепте оқушы аз болғанымен, 4 педагог, тіпті, 3-4 техникалық қызметкер бөлінген. Ал білім бөліміндегілер мұнда тек бастауыш сынып оқушылары оқитынын айтады.
"1-4 сыныптан бөлек, 5 сыныптан жоғары оқитын оқушылар аудан орталығындағы интернатқа келіп, білім алады", - деді Шиелі аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары Дәурен Нәсібеков.
Ақтам ауданында қазір 50-ден астам жан тұрады. Көбі мал бағып, күнелтіп отыр.
Ал 2-3-4 сыныптары қуықтай бөлмеде әрең сыйысып оқып жатқан ғимарат күрделі жөндеуді қажет етеді, дейді білім бөліміндегілер.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
