Мал қырылуда: Батыс Қазақстанның тағы екі ауылын су басып қалды
Батыс Қазақстан облысында тағы бір аумақта – Жәнібек ауданында су тасқыны басталды. Мұнда еріген су Таловка және Жақсыбай ауылдарындағы үйлерді басты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Жақсыбай ауылы тұрғындарының айтуынша, көшелердегі су 50 сантиметрге дейін жетеді. Ауыл тұрғындарының үйлері судың астында қалған. Қауіпсіз жерге жеткен тұрғындар жергілікті мектептерге орналасқан, ал суреттерге қарағанда бұл жерде ешқандай жағдай жасалмағанын – балалар мен қарттардың еденде жатқанын көруге болады.
Тұрғындар Жақсыбайда көп мал қырылғанын, оның ішінде төл мен қозылардың өлгенін де айтады.
- Биыл Қазақстанның 285 елді мекенін су басу қаупі бар
- Ақтөбеде оқушы арыққа құлап жазым бола жаздады: Әкім жауапкершілікті өзіне алды
- Атырау облысында ауылдардың бірін су басты (видео)
"Жақсыбай ауылында 62 тұрғын үйді су басып, 637 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Жергілікті балабақша мен мектептерде 305 адам орналасса, олардың 89-ы балалар, ал халықтың қалған бөлігі туыстарының үйінде. Таловка ауылында екі тұрғын үйді су басып, сегіз адам эвакуацияланды, оның екеуі балалар", – делінген облыстың төтенше жағдайлар департаментінің хабарламасында.
Департамент сонымен қоса Жәнібек өңірінде төтенше жағдай режимі енгізілмегенін атап өтті.
Батыс Қазақстан облысында өткен тәулікте Қаратөбе, Бөрлі және Шыңғырлау ауданында ауылдарды су басу салдарынан төтенше жағдай орын алды.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
