Мақал-мәтелді аяқта. Тест
Мақал мен мәтелдің айырмашылығын көбі біле бермейді. Айдардың бүгінгі шығарылымында мақал-мәтелдің ерекшеліктерін бөлек қарастырып көреміз.
Мақал — өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі. Терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады.
Мәселен, “Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”, “Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”.
Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал.
Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Мәселен, "Көппен көрген ұлы той", "Қызым саған айтам, келінім сен тыңда".