Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Махмұд пен Төрехан Сабырханның анасы: Ұлдарымның чемпион боларына сендім

сабырхандар

Фото: скрин "Jibek joly" телеарнасы

Ливерпульде өткен World Boxing әлем чемпионатында қазақстандық бауырлар Махмұд (55 кг) пен Төрехан Сабырхан (70 кг) алтыннан алқа тағып, ел қоржынына қос тарихи жеңіс сыйлады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Чемпиондардың анасы Меңтай Асылова "Jibek joly" телеарнасына берген сұхбатында ұлдарының табысына деген қуанышын бөлісті.

"Мен әрқашан балаларымның жеңісіне сендім. Махмұд тәжірибесі мол болғандықтан, одан үміт күттім. Төрехан болса алғаш рет ересектер арасында өнер көрсетті. Соған қарамастан, екеуі де абыроймен елге оралды. Махмұдқа: “Ініңе қолдау көрсет, кеңес бер” деп айттым", – деді Асылова.

Ол жекпе-жектерді көруге жүрегі шыдамайтынын да атап өтті. "Финалды туыстармен бірге қарсы алдық. Бірақ өзім бөлек бөлмеде отырып, тек тыңдадым. Ал қазір екеуі де чемпион атанғанда, сезімімді сөзбен жеткізу мүмкін емес", – деді ол.

Әлеуметтік желіде ағасының бауырын иығына көтеріп жүрген сәті көпшіліктің ықыласына бөленді. Асылованың айтуынша, бес баланың барлығы бір-біріне қамқор болып өскен. "Менің ендігі арманым – балаларым Олимпиада-2028 жеңімпаздары атанса", – деді ол.

Айта кетейік, биылғы әлем біріншілігіне 68 елден 540 спортшы қатысты. Қазақстан құрамасы 7 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль еншілеп, жалпы есепте бірінші орынға ие болды.

Абылайхан Палмағанбет
Сейсенбі, 16 Қыркүйек, 2025 10:09
Талқылау