Танымал блогерлер жарнамалаған оқу орталығы магистратураға тапсырушыларға емтиханның жалған сұрақтарын сатқан
Фото: видеодан скриншот
Елімізде жекеменшік оқу орталықтарының біріне қатысты шу шықты. Оқу орталығы магистратураға түсуге жүз пайыз кепілдік беріп, тест сұрақтарының дайын жауабын таратқан, бірақ емтихан кезінде ол сұрақтар келмеген. Ал сұрақтардан сүрініп, сан соғып қалғандар танымал блогерлердің жарнамасына сеніп қалғанын айтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Жетінші арнаға" сілтеме жасап хабарлайды.
Телеарна мәліметінше, ақтөбелік Гүләмина Нұриқұлова биыл ағылшын тілі пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша магистратураға түсуге дайындалған. Құны 100 мың теңге болатын курс туралы жарнаманы танымал блогерлердің парақшасынан көрген. Ұйымдастырушылар магистратураға міндетті түрде түсетініне, түспеген жағдайда төлем қайтарылатынын айтып, уәде берген. "Бұл тест сұрақтарын тестілеу орталығымен бірлесіп жасадық" деп мәлімдеген орталық өкілдері Гүләминаға арнайы платформа мен видео сабақтарды ашып берген. Талапкер платформадағы сұрақтардың дұрыс емес екенін байқап, оны жоба кураторларына айтуға тырысқан. Алайда еш нәтиже шықпаған.
"Тест тапсырған соң біз емтиханда ондай сұрақтар болмағанын, дайындалған әдебиеттер сәйкес келмегенін айттық. Платформаның IT-мамандары нәтижелерімізді жойып, сабақтардың рейтингін төмендетіп жіберді. Сосын: "Төмен балл алуларыңның себебі біздің платформамыз арқылы дұрыс дайындалмағансыңдар. Бізді кінәламаңдар" деді. Мен мұны алаяқтық деп есептеймін", – дейді талапкер Гүләмина Нұриқұлова.
Қазақ тілі пәні бойынша магистратураға тапсырған талдықорғандық Акерке де сұрақтардың дұрыс емес екенін, жауаптарда қате барын байқаған.
"Емтиханға 3–4 күн қалғанда бұл сұрақтар келмейтінін түсіндім. Алайда оған дейін жүз пайыз сенімді болғам. Сосын өз бетімше дайындала бастадым, бірақ ол кезде кеш болып кеткен еді. Нәтижесінде емтиханда келген сұрақтар қиын болды", – дейді Ақерке Сансызбай.
Ұлттық тестілеу орталығының өкілдері тест тапсырмалары басқа ұйымдарға немесе үшінші тұлғаларға берілмейтінін атап өтті. Олардың айтуынша, интернетте "тест жауаптары" немесе "емтиханнан өтуге көмек" деген жарнамалар – алаяқтық.
"Әртүрлі тестілеу кездерінде үшінші тұлғалар Ұлттық тестілеу орталығынан алынған делінген тест сұрақтарын ұсынатын жағдайлар кездесіп жатады. Алайда Ұлттық тестілеу орталығы ондай сұрақтарды таратпайтынын айтқымыз келеді", – дейді Ұлттық тестілеу орталығы директоры орынбасары Наужан Дидарбекова.
Сондай-ақ ол жыл сайын тест мазмұны жаңартылып, сараптамалық және әдістемелік өңдеуден өтетінін атап өтті. Сондықтан Ұлттық тестілеу орталығы интернеттегі күмәнді ұсыныстарға сенбеуге және алаяқтарға алданып қалмауға шақырады.

"Мықты еркек қана көп әйел ала алады": Тоқал болуға келіскен қазақстандық өмірінен сыр шертті
