"Маған назар аудар" фильмінің авторы кино түсіруге жұбайымен арадағы қарым-қатынасы себеп болғанын айтты
Әзілкеш, актер Ақболат Өтебай Асхат Садырбайға берген сұхбатында отбасылық өмірі мен әйелімен қарым-қатынасы туралы айтып берді деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
2014 жылы отбасын құрған әзілкеш әйелімен ерлі-зайыптылар арасындағы мәселелерді бастан өткізіп, тығырықтан шыққан сәттері туралы баяндады.
“Әйеліммен шаңырақ көтергенімізге 10 жылға жуықтады. Шүкір, өзгерген емес. Жоқтықта да, баршылықты да бірге көрдік. Отбасылық өмірімде өзімінің рухани деңгейде өсіп кетіп, әйелімнің менен қалып қойғанын сездім. Балаларымыз бірінен соң бірі дүниеге келіп, ол үйде қалып қойды. Мен ылғи жан-жақта ойнап, күліп, сөйлеп жүрдім. Сөйтіп үйге келген кезде әңгімеміз жараспай қалды. Себебін табуға тырысып көрдім, сөйтсем, екеуіміз бір үйде тұрғанымызбен, тұрмыс-тіршілігіміз екі түрлі болып кеткен екен. Бірақ түсініспеушілік, үлкен жанжал деген болып көрмеген. Сондан әйеліме көңіл бөлемін деп шештім. Қалаған дүниесін алып беріп, қатысқысы келетін курстарын оқытып, жағдайын жасадым. Бірте-бірте маған идея айтатын болды. Сөйтіп әңгіме айту қызық бола бастады. Мен ерлі-зайыптылардың арақатынасын қалай жандандыруға болатынын түсіндім. Барлығы еркекке байланысты. Негізі кино түсіру – әйелімнің идеясы. Жастардың бір-бірімен жараспай қалуының себебі – түсінісіп, сөйлесе алмауында, эмоцияға бой алдырып, асығыс шешім қабылдауында. Мәселені асықпай отырып, сабырға келіп, ойыңды нақты түсіндірген кезде кез келген мәселенің түйінін табуға болады”, – дейді Ақболат Өтебай.