Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мәдениет министрлігі "Слова пацана" сериалына қатысты тексерудің қорытындысын айтты

ІІМ мәдениет және ақпарат министрлігіне хат жолдап, "Слово пацана" фильмі зорлықты насихаттай ма, талдау жасап көруді сұраған. Министр Аида Балаева фильмді саралап, ешқандай заң бұзушылық анықталмағанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Слова пацана

"Бұл фильм қызу талқыға түсті, түрлі пікір бар. Біреулер зорлықты насихаттайды, адамдардың психикасына кері әсер етеді дейді. Өзім фильмді көрген жоқпын. ІІМ-нен хат келіп түсті. Ешқандай құқық бұзушылық анықталған жоқ", – деді Аида Балаева.

Министр фильмнің қазақ қоғамына қатысы жоқ екенін атап өтті. Оның сөзінше, біздегі жастардың мәселесі басқа. Бізде лудомания, есірткіге тәуелдік, мәдениетсіздік өршіп тұр, дейді ол.

"Меніңше, тіпті фильмге шектеу қойғанның өзінде тыйыммен ештеңе шеше алмаймыз. Ақпараттық технологиялар заманында ол мүмкін де емес. Қалаған адам көру амалын табады. Біз жастардың сауатын көтеріп, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу, қазіргі өзекті мәселелерді шешу үшін жұмыс істегеніміз абзал", – деп қосты министр.

"Осыған ұқсас "5:32", "Шекер" сынды қазақстандық фильмдерді депутаттар боғауыз сөзді насихаттайды деп дабыл қағып жатыр, оларды біреу бақылай ма" деген журналист сұрағына Балаева былай деп жауап берді.



"Біріншіден, ол жеке өндірістегі фильмдер. Егер заңсыз, орынсыз фрагменттер болса біз тек прокатқа шығармай қоя аламыз, яғни кинотеатрлардан көрсету үшін прокат куәлігін бермейміз. Ал ол түрлі YouTube арналар арқылы тараса, шектеу қоя алмаймыз", – дейді Аида Балаева.

Айта кетейік, бұған дейін Ішкі істер министрлігінің әкімшілік полиция комитеті ресейлік сенсациялық "Слово пацана" сериалын тексеруді сұраған еді. Комитет өкілдерінің айтуынша, олар мәдениет және ақпарат министрлігіне сериалдың заңсыздығына талдау жасауды сұрап хат жолдаған. Егер заңсыз деп танылса Қазақстанда "Слово пацана" сериалына тыйым салынуы мүмкін.

Сондай-ақ Алматы облысы, Қарасай ауданының полицейлері "Слово пацана" сериалына байланысты жасөспірімдер қылмысы көбейеді деп қауіптеніп отыр. Олар фильмнің сюжеті қылмысты романтикаландырып, балалардың тағдырын талқандайды деп есептейтінін айтты. 

Талқылау