Лүпіл дауы: Шымкент жастар орталығының басшысы желідегі жанжалдан кейін қызметінен кетті
Фото: facebook.com/spatayev
Шымкент қалалық жастар ресурстық орталығындағы "лүпіл дауынан" кейін орталық басшысы Марат Спатаев қызметінен кететінін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Шенеунік бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.
"Бүгіннен бастап Шымкент қаласының "Жастар ресурстық орталығындағы" басшылық қызметімді ресми түрде аяқтаймын. Бұл мен үшін өмірімнің маңызды, жауапты әрі ерекше кезеңдерінің бірі болды", – делінген жазбада.
Өз жазбасында Марат Спатаев бірге қызмет еткен әріптестеріне, басшылығына және серіктестеріне алғыс білдірді. Сондай-ақ экс-басшы өз қызметінде әрдайым сыйластық пен ашықтық қағидаларын ұстанғанын ерекше атап өтті.
"Экс-әріптестеріме айтарым – өз басым ешқашан “Я начальник – ты дурак” дейтін “кеңестік көзқараста” болған жоқпын. Алдағы уақытта жолымыз тоғысып жатса, сыйластықта болайық. Өмір өткінші, ал шынайы сыйластық – мәңгілік", – делінген жазбада.
Еске салсақ, бұған дейін Шымкент қаласы Жастар ресурстық орталығының басшылығы қызметкерлерге әлеуметтік желідегі жазбаға лүпіл баспағаны үшін ескерту жасап, қудалағаны туралы жазған едік. Әлеуметтік желідегі дауға қатысты Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар ісі басқармасының басшысы пікір білдіріп, орталық басшысына тәртіптік жаза қолданылғанын хабарлаған еді.

Алматыда күзетші мейрамханаға келген қызды сүйреп шығарып жіберген: Көпшілік ресторанға бойкот жариялады
