Лукашенко Беларусьтің Украинадағы "арнайы операцияға" қатысып жатқанын растады
Беларусь президенті Александр Лукашенко мемлекеттің Украинадағы "арнайы әскери операцияға" қатысып жатқанын растады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі БЕЛТА агенттігіне сілтеме жасап.
Александр Лукашенко "арнайы операцияға" қатысып жатқандарын ешкімнен жасырмайтынын айтты.
"Біз Украинадағы әскери операцияға қатысып жатырмыз. Мұны ешкімнен жасырмаймыз. Ешкімді өлтіріп жатқан жоқпыз. Әскерімізді ешқайда жіберген жоқпыз. Өз міндеттемелерімізді бұзбадық", – деді ол әскери қауіпсіздік мәселелері бойынша кеңесте.
Оның сөзінше, "әскери операцияға" жанжалдың Беларусь аумағында тарап кетпеуі үшін қатысып жатыр.
"Екіншіден, Польша, Литва және Латвия тарапынан арнайы әскери операцияны желеу етіп Беларуське соққы жасауына жол бермеу. Айтып өткенімдей, Беларусь аумағынан ресейліктердің артынан ешкім оқ атпайды. Міне, біздің қатысуымыз.
Иә, біз емдейміз. Керек кезде адамдарды емдедік. Иә, тамақтандырамыз. Тек ресейліктерді ғана емес. Көбінесе Украинадан бізге тәулігіне 400-500 адам болып келетін босқындарды, кедейлерді тамақтандырамыз. Оларды қалай емдемейсің, қалай тамақтандырмайсың? Бұл әскери операциядағы біздің қатысуымыз осындай. Басқаша болмайды да", – деп қосты ол.
Александр Лукашенко Украинаның Беларусь шекарасына 15 мыңға жуық әскериден тұратын топ жіберіп, инженерлік құрылыстар, оқ ату позицияларын тұрғызып, жолдарда бөгет салғанын айтады.
"Бекініп қана қойған жоқ, қабырға тұрғызды. Үнемі біздің аймақта және нысандарда оптикалық, радиоэлектрондық, радиотехникалық барлау жүргізеді. Кейде өздерінің ұшқышсыз аппараттарымен мемлекеттік шекараны бұзаны. Мұнымен қоймай "Беларусь соғысқа араласып кетпесе" деп уайымдайды", – деді Александр Лукашенко.