Литвада жүк ұшағы екі қабатты тұрғын үйдің үстіне құлап, бір адам қаза тапты
Литваның Вильнюс қаласында жүк ұшағы екі қабатты тұрғын үйдің үстіне құлап, бір адам қаза тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Currenttime басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: delfi
Қайғылы оқиға 25 қараша күні таңертең болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, ұшақ бортында төрт адам болған. Кесте бойынша DHL ұшағы таңғы уақытта қонуы керек еді.
"Германияның Лейпциг қаласынан Вильнюс әуежайына ұшқан DHL жүк ұшағы Лиепкальнисте таңғы сағат 5:30 шамасында апатқа ұшырады. Қазір учаскеде құтқару қызметі жұмыс істеп жатыр. Бір өрт сөндіру машинасы мен Вильнюс әуежайының штаб-пәтері де оқиға орнына келді. Қазіргі уақытта әуежайдың жұмысы үзіліссіз жүріп жатыр", – делінген әуежай әкімшілігінің мәлімдемесінде.
Delfi агенттігінің хабарлауынша, апатқа ұшыраған ұшақ DHL көлік компаниясына тиесілі.
“Бортта төрт адам – екі ұшқыш пен екі компания қызметкері болған. Құтқарушылар ұшқышты шығарып алды, ол қазір есін жиған. Екі зардап шегуші ауруханаға жеткізіліп, бір адам қаза тапты. Ал төртінші адамды әлі іздестіріп жатыр”, – делінген хабарламада.
Ал зардап шеккен үй тұрғындары туралы ақпарат әлі де белгісіз.
Айта кетейік, бұған дейін Түркияның Анталия қаласындағы әуежайда ресейлік Azimut Sukhoi Superjet 100 (SSJ-100) әуе компаниясының ұшағы қону кезінде өртеніп кеткені туралы жазған едік.