Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Трент Александер-Арнолд "Реал Мадрид" ойыншысы атанды

Фото: Getty Images

Трент Александер-Арнолд ресми түрде "Реал Мадрид" клубының ойыншысы атанды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

2025 жылдың 30 мамырында клуб ағылшын қорғаушысымен алты жылдық келісімшартқа қол қойғанын жариялады. Келісім 2025 жылдың 1 маусымынан бастап күшіне еніп, 2031 жылдың 30 маусымына дейін жалғасады.

Александер-Арнолдтың "Ливерпульмен" келісімшарты 30 маусымда аяқталуы тиіс болғандықтан, "Реал Мадрид" оны ерте қатарға қосу үшін ағылшын клубына 10 миллион фунт стерлинг көлемінде өтемақы төледі. Бұл ойыншыға 14 маусымда АҚШ-та басталатын Клубтық әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, "Ливерпуль" сапында Трент 354 матч өткізіп, 23 гол соқты және 92 нәтижелі пас берді. Ол командамен бірге Премьер-лига, Чемпиондар лигасы, Англия кубогы және Клубтық әлем чемпионатын жеңіп алды.

Еске салайық, Трент енді Англия құрамасындағы серігі Джуд Беллингеммен бір командада ойнайтын болады. Өз кезегінде "Ливерпуль" ойыншыға көп жылғы еңбегі үшін алғыс білдіріп, жаңа кезеңде табыс тіледі.

Абылайхан Палмағанбет
Жұма, 30 Мамыр, 2025 20:13
Талқылау