Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Әйелдер құқығын қорғаушының ұлы түрмеге қамалды: Астана соты лифтіде әйелін аяусыз ұрған іс бойынша үкім шығарды

Астана соты лифтіде әйелін соққыға жыққан ер адамға қатысты үкімді оқыды. Есіл ауданының №2 аудандық соты оны кінәлі деп тапты. Сотталушының анасы Шымкент қаласында әйелдер мен балалар құқығын қорғаумен айналысады ал өзі аталған қаладағы құрылыс компаниясын басқарады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

әйелін ұрған

"Астана қаласы Есіл ауданының №2 аудандық соты Б.-ға қатысты әйелі Ж.-ның денсаулығына бірнеше рет орташа ауырлықтағы зиян келтіру фактісі бойынша айыптау үкімін шығарды. Ол әйелін аса қатігездікпен және жүйелі түрде ұрып-соққан", - делінген мәліметте.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында 2018-2020 жылдар аралығында сотталушы әйелінің жүкті екенін және өзіне материалдық тәуелді екенін біле тұра, оған физикалық және психикалық зардап келтіргені анықталды.

2022 жылдың наурыз айының басында сотталушы әйеліне орташа ауырлықтағы дене жарақатын салған.

28 наурызда ер адам мас күйінде лифт ішінде әйелін аса қатыгездікпен ұрып-соғып, денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтірген. Оқиға лифтінің қауіпсіздік камерасына түсіп қалған.



Сотта анықталғандай, сотталушының кінәсі жәбірленуші мен куәлардың айғақтарымен, сондай-ақ сот сараптамасының қорытындыларымен, бейнежазба және жәбірленуші мен сотталушы арасындағы хат алмасумен дәлелденген.

"Сотталушы Б.-ның кінәсі дәлелденгенін ескере отырып, сот қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығын негізге ала отырып, сотталушыға 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Жәбірленушінің пайдасына сотталушы 2 миллион теңге көлемінде моральдық шығын мен 4 миллион теңгеден астам материалдық шығын үшін өтемақы өндіріп беруі тиіс", - деп қосты сотта.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, осы оқиға көпшіліктің назарына іліккеннен кейін, сотталушының анасы Amanat партиясының және Шымкент қаласының әйелдер мен балалар істері жөніндегі қоғамдық бірлестігінің мүшесі екені анықталған. 

Сондай-ақ ер азаматтың анасы Гүлайым Шұңғараева Шымкент қалалық мәслихатының депутаттығына үміткер болып жүр. Өзінің праймериз бағдарламасында тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресіп жүргенін айтқан. 

Қазіргі уақытта ол өзі туралы ақпаратты әлеуметтік желілердегі аккаунттарынан өшіріп тастаған. 

Әйелін ұрып-соққан азаматтың өзі – Елнұр Байымбетов Шымкенттегі "GENERAL SROY GROUP" құрылыс компаниясын басқарады.

Еске салайық, оқиға 2022 жылдың наурыз айында елордадағы тұрғын үй кешендерінің бірінің лифтінде болған. Әйел лифтте соққыға жығылған соң қабырғасы, құйымшағы мен омыртқаның қыспа сынығы жарақаттарын алған. Ал лифттен шығып бара жатқанда желкесінен соққы алып, есінен танып қалған. Келесі күні тағы да соққыға жығылған.

Ақберен Амангелді
Бейсенбі, 03 Қараша, 2022 17:20
Талқылау