Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Сүйектерім төрт жерден сынған": Нұр-Сұлтан қаласында күйеуі әйелін лифтте ұрған сәті бейне бақылау камерасына түсіп қалған (видео)

"НеМолчиKZ" қоғамдық қорының басшысы Дина Смаилова Facebook парақшасында елордалық әйелдің оқиғасын жариялады. Хабарламаға сәйкес, ер адам әйелін лифттің ішінде аяусыз ұрған. Ал ұрып-соғу дерегі бірнеше рет қайталанған. Салдарынан зардап шеккен әйел сүйектерінің төрт жерден сынған. Алайда ер адам жеңіл жазамен құтылып кете ме деп қорқады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

әйелін ұрған

Оқиға наурыз айының 27-нен 28-не қараған түні болған. 

"Мен күйеуім Байметов Елнұр менің денсаулығыма қасақана ауырлығы орташа зиян келтірді, салдарынан сүйектерім 4 жерден сынды. Денсаулыққа келген зиян сот-медициналық сараптамасы мен куәландыру нәтижесінде дәлелденді. Өз мәлімдемемде күйеуім мені екі рет ұрғанын, яғни бір рет емес әрі асқан қатігездікпен болды. Бүгінде қылмыстық іс тек 107-баптың 2-бөлігі, 3-тармағы бойынша қозғалған", – дейді әйел өз мәлімдемесінде. 

Әйел лифтте соққыға жығылған соң қабырғасы, құйымшағы мен омыртқаның қыспа сынығы жарақаттарын алған. Ал лифттен шығып бара жатқанда желкесінен соққы алып, есінен танып қалған. Келесі күні тағы да соққыға жығылған.

"Оқиғаның мән-жайын жоғарыда аталған себеппен білмеуім мүмкін. Келесі күні таңертең орындықта отырған кезде басымнан ұрды. Өз өміріме қорыққандықтан, алған ауыр соққы салдарынан және ұйықтап жатқан кішкентай балаларым үшін уайымдағандықтан мен қандай да бір қарсылық көрсете алмадым", – деп қосты әйел. 

Зардап шеккен азамат соққыға жығылғаны туралы мәлімдемелерінің жауапсыз қалғанын алға тартады. 

"Анықтаушы келесі күні таңертең соққыға жығылғанымды жасырып отыр. Екі рет ұру дерегі денсаулыққа бірнеше рет зиян келгенін білдіреді. Күйеуім жауапкершіліктен жалтаруы мүмкін", – дейді ол. 

Айтуынша, анықтаушы әйелді сот-медициналық сараптамасын тағайындау туралы қаулымен және сараптама нәтижесімен таныстырмаған.

Оқиға туралы пікір білдірген Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің өкілдері аталған деректің тіркелгенін мәлімдеген. 

"Бұл хабарламадан кейін "Есіл" аудандық полиция басқармасында Қылмыстық кодекстің 107-бабы бойынша тіркелді. Жүргізілген сот-медициналық сараптамасына сәйкес зардап шеккен әйелдің денсаулығына ауырлығы орташа деңгейде зиян келген. Күдіктіге қатысты "ешқайда шықпау туралы қолхат" түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалды. Тергеу жүріп жатыр", – делінген полиция мәлімдемесінде. 

Қылмыстық кодекстің 107-бабы бойынша айыпталушыға 1 000 АЕК көлемінде айыппұл тағайындалады немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазасы тағайындалады. 

Талқылау