Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бөлінген қаржыны жеп отыр": "Атырау" футбол клубының жанкүйерлері алаңда шу шығарды

"Атырау" футбол клубының ардагерлері мен жанкүйерлері алаңға келіп, наразылықтарын білдірді. Атыраулықтар клуб басшылығы орындарын босатсын, легионерлер командадан кетсін деген талаптарын қойды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "31" арнаның "Информбюро"  бағдарламасына сілтеме жасап. 

"Атырау футбол командасы мүлде құлдырады. Бөлінген қаржыны бөліп жеп кететіндер ғана келеді" деп ашынды алаңға жиналған қауым. Айтуларынша қазір клубты футболдан бейхабар басшы басқарып отыр.

"Мынау не зат? Мынау не? Халықты ашындырып болдыңдар. Ешкім үндемегеннің кесірінен осы. Әкімдік қайда? Мына клубтың әкімшілігі , директоры бар, ар-намыстары болса орындарын босатсын. Біздің талабымыз сол", - деді  "Атырау" ФК жанкүйері Махмут Қайыров.

"Бәрін тендерсіз заңсыз әкелді. Бәрі заңсыз, алдарына қаншама рет бардық. Әкімге айттық, қозғалмастан отыр. Заңсыз. Қайдағы жоқ боксерді әкеліп, футболды басқаруға отырғызып қойды. Басшыны ауыстыру керек", - деді бұрынғы футболшы Набежан Қуанышов.

Спорт ардагерлері мен жанкүйерлердің жанына батқаны - Атырау футбол командасының Қазақстан чемпионатындағы ойыны. Атыраулық футболшылар бұл чемпионатта Астана, Ақтөбе, Ақжайық, Шахтер командаларынан түгелдей ұтылып, турнир кестесінде соңғы - он төртінші орында тұр.



Ал клубтың бас жаттықтырушысы бұл ойын деп ақталса, директоры орнын босатуға дайын екенін мәлімдеді.

"Нәтиже нағыз болмаған жағдайда, командамыз қайтадан жанталасып өмір сүріп жататын болса, өзіміз кетуге дайынбыз. Басшылық өзі жауап берер, өз басым кетуге дайынбыз", - деді "Атырау" ФК директоры Қоныспай Шпанов.

Қазақстан чемпионатына Атырау футболшыларының дайындығына қазынадан 1 миллиард 200 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалған. Командада 29 ойыншы болса, оның 8-і легионер. Облыстық спорт басқармасының мәліметінше, жергілікті футболшылардан легионерлердің еңбекақысы жоғары. Сөздерінше ойыншылардың биылғы ең жоғарғы жалақылары 800 мың теңге екен.

Талқылау