Алматылықтар арасында маска мен мұрын фильтрі танымал бола бастады: Лас ауадан қорғайтын құралдар шынымен тиімді ме

Алматыда жылыту маусымы басталып, ауа сапасы да күрт нашарлады. Тұрғындардың кейбірі маска тағып қорғанса, тағы бірі мұрынға арнайы фильтр тағуды әдетке айналдырған. Ал мұндай құралдар бізді лас ауадан шынымен қорғай ма? Stan.kz ақпарат агенттігі мамандардан сұрап білді.
Алматылық шаш стилисті, блогер мегаполистегі лас ауадан қорғану үшін мұрнына арнайы фильтр тағып жүргенін көрсетті. Арнайы фильтрді ол қытайлық маркетплейстен сатып алған, материалы силикон дейді.
"Менің мұрнымда тұрған нәрсе – фильтр. Мұны маска тақпау үшін алдым, себебі көзілдірік тағамын, терлеймін, маска ыңғайсыз. Мұндай фильтрді ауадағы лас ірі бөлшектерді мұрын арқылы жұтпай, ұстап қалу үшін тағамын. Ал Алматыдағы ауа индексі таңғалдырудан жалықпайды. Мұрнымда фильтр тұрғанда кәдімгідей жақсы тыныс аламын, түшкірмеймін. Оның үстіне мұрнымда тұрғаны білінбейді. Силиконнан жасалған, өте жеңіл, шырышты қабықты тітіркендірмейді", – деді ол TikTok парақшасында.
Желі қолданушылары мұндай фильтр токсикоз кезінде де иісті өткізбейді, көмектеседі деп жазды. Тіпті аллергиядан мезі болғандар да осындай фильтрді қолданады екен. Дегенмен кейбір қазақстандықтар мұрынға арналған фильтрлер тұмшадан және PM2.5 бөлшектерінен қорғамайтынын айтып отыр.
"Мұрынға арналған фильтрлер тек ірі шаңдарды ұстайды, лас ауадан қорғамайды"
Пульмонолог Саттар Ералиев мұрынға тағатын фильтрлерді маркетингтің бір түрі деп атады. Себебі олар ірі шаңдарды ұстап қалса да, лас ауадан қорғамайды.
"Қазір мұрынға арналған фильтрлер шықты, бірақ ол ірі шаңдардан қорғамаса, жай ғана маркетинг құралы. Зиян заттар майда болғандықтан одан да өтіп кетеді", – деп түсіндірді пульмонолог.
"Арнайы маскалар тағу керек, бірақ ол да толықтай көмектеспейді"
Дәрігердің сөзінше, арнайы маскалар көмектеседі, дегенмен толық емес.
Жеке маска тағып сақтануға болады, бірақ кәдімгі дәкеден, мата емес қабаттан жасалған масканы емес, арнайы масканы тағу керек. Олардың арнайы халықаралық стандарттары болады. Мұндай құрал ауадағы лас бөлшектерді ұстайды, бірақ үнемі маска тағып жүру өмір сапасын азайтады, адам кеудесін керіп демала алмайды. Қазір Алматы ауасын бақылайтын сервистер жетеді. Тыныс алу жолдары аурулары бар адамдар ауа индексіне қарай маска тағып жүруіне болады. Дегенмен мұндай маскалар диоксид азоты, көмірқышқыл газы және тұншықтырғыш газдан қорғай алмайды. Өйткені олар физикалық жағынан өте майда келеді, маскадан өтіп кетеді", – дейді дәрігер.
"Ауа лас кезде жүгіруге, ұзақ серуендеуге болмайды"
Дәрігер тұрғындарға Алматы ауасын үнемі бақылап отыруды кеңес етті. Ал балалы ересектер екі есе жауапкершілікпен қарағаны жөн дейді.
"Ауа лас кезде жүгіруге, ұзақ серуендеуге болмайды. Өйткені жүгірген кезде өкпеге келетін ауаның мөлшері 2-3 есе көбейеді, сәйкесінше ауадағы өте лас бөлшектер өкпеге түседі. Далаға шыққанның өзінде көп жүруге болмайды. Ал басқа кезде серуеннен соң мұрынды жуып, киімдерді тазалап отыру керек. Жалпы дұрыс тамақтанып, салауатты өмір салтын ұстанып, денсаулыққа мән беру керек. Жетіспейтін дәрумендерді ішіп жүрген жөн. Себебі ағза да лас ауамен өзінше күреседі, зиян заттарды шығаруға тырысады. Кішкентай балаларды серуенге алып шыққанда көпқабатты үйлерден, үлкен көшелерден алыс жерде жүру керек. Лас ауа олардың ағзасына әсіресе зиян. Балалардың өкпесі, ағзасы әлі дамып жатқандықтан өзіңізді ғана емес, баланы да лас ауадан қорғау керек", – дейді өкпе дәрігері Саттар Ералиев.
Тау жақта жиі серуендеу көмектесе ме?
Алматы тұрғындары демалыс күндері тау жақа баруға тырысады. Мақсат бір: таза ауа жұтып, сергу. Дегенмен дәрігер бұл да аса пайдалы бола қоймайтынын айтып отыр. Керісінше ол үйдің ауасына аса мән беру керек екенін ескертті.
"Алматыда тұратындарға тауға жиі бару тиімді деп айта алмаймын. Барғанның өзінде бірнеше сағат қана, қазір тіпті таудың өзі тұмшаға оранып тұр. Әуелі үйдің гигиенасына көңіл бөлу керек. Қайта-қайта шаңды сүртіп, ылғалдап тазалап тұру керек. Даланың ауасы лас дейміз, кейде үйдің ішіндегі ауа одан да лас болуы мүмкін. Өйткені үйде неше түрлі химиялық заттар, түрлі зиян зат бөлетін жиһаздар, заттар бар. Сондықтан үйді ауа салыстырмалы түрде жақсырақ кезде, мысалы жаңбыр, қар жауғанда, түнде желдетіп тұру керек. Таңда терезе ашып, желдетуді құптамаймын, таңда ауа сапасы өте нашар болып тұрады", – дейді ол.
Ауадағы PM2.5 деген не және ол несімен зиян?
PM2.5 – диаметрі 2,5 микрометрден кіші өте ұсақ қатты бөлшектер. Салыстырсақ, олар адам шашынан 30 есе жіңішке. Осындай ұсақ өлшемінің арқасында бұл бөлшектер өкпенің терең қабаттарына, қан айналымына және басқа да ағзаларға еркін өтеді.
Аlmaty air initiative қоры мамандарының бізге берген дерегінше, Алматыда PM2.5 – ауаның негізгі ластаушыларының бірі. Қыста олардың деңгейі көзге көрінерліктей өседі, себебі әртүрлі көздерден шығатын шығарындылар артады. Жағдайды жиі болатын температуралық инверсия мен әлсіз жел одан әрі ушықтырады.
"Біздің қалада қараша-наурыз айларында (жылыту маусымы) қолайсыз метеорологиялық жағдайлар кезінде жекелеген күндері PM2.5 концентрациясы ДДСҰ ұсынған деңгейден 8-12 есе асып кетуі мүмкін. PM2.5 бөлшектері тек тіндерге терең енуімен ғана емес, құрамында улы заттар мен элементтердің болуымен де қауіпті. Бұл бөлшектер тыныс алу жолдарын қабындырады, жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупін арттырады және өмір сүру ұзақтығына әсер етеді. Айтпақшы, тұрғындар жақсы көретін жаңа жылдық отшашу да – PM2.5 пен адам денсаулығына қауіпті басқа да заттардың елеулі көзі", – дейді мамандар.
PM2.5 бөлшектерінің құрамында не болуы мүмкін?
– органикалық қосылыстар (PAHs) – толық жанбау нәтижесінде пайда болатын канцерогенді өнімдер
– металдар: темір, мыс, никель, ванадий (әсіресе көлік пен өнеркәсіптен)
– органикалық және қара көміртек – жеке сектордағы көмір түтінінен, ЖЭО-да көмір жаққанда және дизельден бөлінеді
Лас ауадан қорғану үшін қандай маска тағу керек?
Күнделікті қолдану үшін масканы мына негізгі критерийлерге қарап таңдау керек:
1. Қорғаныс класы FFP2 немесе N95 болуы керек
2. Бетке тығыз тағылуы керек: бүйірінде және мұрын маңында саңылаулар болмауы керек
3. Мұрын үстін қысып тұрғаны дұрыс, ол масканы герметикалық түрде "тағуға" көмектеседі.
4. Материалы көпқабатты, сүзгіш, матадан емес болуы керек.
5. Сертификатталған болуы керек: CE (ЕО), ГОСТ, NIOSH (АҚШ) немесе басқа да таңбалар.
Масканың тиімділігі қанша уақытта төмендейді?
Аlmaty air initiative қоры бір масканы белсенді пайдалану кезінде 6-8 сағат уақыттан асырмай тағуға болатынын ескертті. Алайда егер маска қысқа уақыт қана тағылса, қайта қолдануға рұқсат етіледі. Есте сақтау керек бір нәрсе: егер маска ылғалданса, ластанса немесе формасы бұзылса, оның тиімділігі күрт төмендейді.
Қорғаныс класы FFP2 немесе N95 маскалар қақпақшамен де, қақпақшасыз да болады. Кейбір дәріханаларда сатылады және маркетплейстерде бар. Бағасы шамамен 700 теңгеден басталады.
Ал мұрынға арналған фильтрдің бірреттік түрін бір рет және қысқа уақыт тағу керек(үйге қайтқанша). Ал көп реттік түрлерін бірнеше сағат қатарынан қолдануға болады (12 сағатқа дейін). Бірақ оларды күнде жуып-тазалап тұру керек.
Лас ауадан қалай қорғану керек?
- Ауа сапасын арнайы сервистер арқылы бақылауды әдетке айналдырған жөн: air.org.kz, Airvisual қолданбасы;
- Ауа қатты ластанған күндері далаға шығуды шектеу қажет. Шығу қажет болса, FFP2/N95 маскасын қолданған дұрыс;
- Ауа қатты ластанған кезде терезелерді мықтап жауып, пәтерді тек тұмша ең аз болатын сағаттарда ғана желдету керек;
- HEPA сүзгілері бар ауа тазартқыштарды немесе бризерлерді пайдалану қажет. Мүмкіндігінше оларды барлық бөлмеге қойыңыз. Идеал жағдайда мұндай тазартқыштар кеңселер мен оқу орындарында да орнатылуы керек;
- Үйдегі ылғал мөлшерін 40–50% деңгейінде ұстап тұру керек. Бұл лас бөлшектердің шырышты қабықтарға қонып алуын азайтады;
- Үйде тағамды дұрыс пісірген жөн: қуыруды барынша азайтып, сорғышты пайдаланған дұрыс.
Айта кетейік, бұған дейін ТЭЦ-тің газға ауысуы Алматыдағы лас ауа проблемасын шеше ала ма, сарапшылар не дейтінін жазған едік.
Екі күнде үш рет төтенше жағдайда қонды: Авиация сарапшысы қыс мезгілінде ұшудың қаншалық қауіпті екенін айтты