"Адам шығыны болды": Жанболат Ниязбеков неге үлкен тойды 4 жылдан кейін жасағанын түсіндірді
«Өнер қырандары» театрының актері Жанболат Найзабеков өмірінде болған қайғылы оқиға жайлы сыр шертті, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі Ережесіз әңгіме бағдарламасына сілтеме жасап.
Өнер адамы өміріндегі жасаған үлкен таңдауға өкініш білдірді. Мамандығының арқасында отбасына көп көңіл бөле алмайтынын айтып қынжылады Жанболат.
«Өмірімді кері қайтарса актер болмас едім. Мүмкін мұнаймен, бизнеспен айналысатын ба едім деген ойлар келеді. Қазір бәрі кеш. Шегінерге жол жоқ, артымызда Мәскеу. Кей кездері өкініш болады. Өйткені үйдің көзін көрмейсің. Өнерден ләззат алғанмен, бала-шағаның тәрбесіне көңіл бөле алмай жатқанда жаның ауырады. Үш қызым өсіп келе жатыр. Ортаншы қызым үйде айлап болмаған кезде «Әкем екеуің ажырасып кеттіңдер ме?» деп сұрайды екен анасынан.
Мектеп бітірер кезім қайтып келсе, әкемді тыңдар едім. Әр амал ниетке байланысты ғой. 11-сыныпты бітіріп, Жүргеновке бардым. Шаяхмет ағай, Әбзелбаев Мұрат аға бар «Сеннен актер шықпайды, дефектің бар, ауылға қайта бер» деп жіберді. Сол кезде Дариға Тұранқұловаға жолықтым. Екі ұртыма жаңғақ салып дұрыс сөйлеуді үйретті. Келесі жылы қайтып келдім де, драма факультетіне тапсырдым. 1-курсты оқып, екінші курста 2007 жылы «Өнер қырандары» деген атпен КВН-ге шығып кеттік. Жайдарманнан театрға ауыстық», - дейді актер.
Соңғы рет Айнұр Тұрсынбаеваға пародия салған ол ер адамның әйел адамды келтіргені мұсылмандарға жат құбылыс екенін концерттен кейін түсінген. «Өнер қырандары» театрының бағыты өзгергендіктен, дін жолында жүрген соң әзілдің бұл түрін қолданбауды жөн көрген.
Бірінші орында театр болғаннан кейін актердің артық уақыты жоқ. Өйткені жылына төрт рет концерт беруге де үлкен дайындықтың керегін ескереді. Бірақ, қосымша табыс көзі де жоқ емес. Жанболат тойда асаба, әлеуметтік желіде жарнамашы. Үйінің 50 пайызын жарнамаға салғызған Жанболат жарнама жасаудың пайдасы болмаса, зияны жоғын айтты.
«Әлеуметтік желідегі парақшамды табыс көзі деп есептеймін. Бірақ, жарнама жасайтын тауар мен қызметті барып көріп, көзімді жеткізіп барып қана халыққа ұсынамын. Жарнамалауға лайық болса келісімімді беремін. Өйткені басымнан бір жағдай өткен. Астанадағы бір қымбат дүкеннен спорттық киім алып, жарнамаладым. Бірнеше күннен кейін «Сен алдың деп бардық қой, сапасы нашар» деген хаттар келе бастады. Содан кейін бірінші өзім тексеріп алатын болдым», - дейді әзілкеш.
Неке қиып төрт жылдан кейін ғана той жасаған ол, салтанат күні жол апатына түсіп, адам шығыны болғанын да жасырмады.
«Той жасаймыз деп ойлап, белгілі бір жағдайлардың болуына байланысты некемізді қиып қойдық та, үлкен тойды төрт жыл өткеннен кейін жасадық. Сонша уақыт күткен тойымыздың кезінде жол апатына түсіп, камаздың астына кіріп кеттік. Бұл да алдымызға келген сынақтың бірі болды. Адам шығыны да бар», - деп қайғырып еске алды ол.
Үйін жарына толығымен біткенде ғана көрсеткен актер романтик емеспін дейді. Тіпті әйелі бір шоқ гүл бермейсің деп те реніш білдіреді екен. Отбасын жақсы көретін Жанболат түздегі жұмыстардан қолы босамайтынын да жасырмады. Актер балаларының ата-аналар жиналысына барып көрмепті. Әйтсе де, талай отбасының басына шаңырақ алып беруге септігі тигізгені ақиқат.
«1,5 жылдың ішінде 82 үй берген «Харекет» деген қор ашылды. Баспаналы болған адамдардың қуанышын көріп, өзіміз де байқатпай жылап аламыз. Басты мақсатымыз шын мұқтаж жандарға көмек беру, сонымен қатар артымыздан өсіп келе жатқан жастарға үлгі болып, жақсы ізімізді қалдыру. Сонда ғана жастар өкшемізді басады.
Өмірде ізін қуғанын қалағанымен өнерде шәкірт тәрбиелеудің ерте екенін айтады. Актердің ойынша шәкірт - үлкен жауапкершілікті талап ететін киелі аманат.
«Семейдегі бір ағамыз «Сәкен Майғазиев сияқты, «Өнер қырандары» сияқты болыңдар деп шәкірттеріме айтамын да, үйіме барып солар бұзылып кетпесе екен деп тілеймін» дегендей, әлі жаспыз шәкірт тәрбиелеуге ерте», - дейді ол.
Жанболат театрдың да жоспарларын бөлісті. «Өнер қырандары» наурыздағы концерттен кейін жаңа бағытқа ауыспақ. Жоспар бойынша паралимпиядашылар туралы мотивациялық кино түсіретін болады.

"1 жастағы науқасқа етеккір келді": Қазақстандық гинеколог жыныстық жетілудің жасы қысқарып жатқанын айтып дабыл қақты
