"Лаңкестік" әрекет тоқтамаса, қарсы жауап қатал болады": Киевке жасалған соққы жайлы айтқан Путин Украина билігіне ескерту жасады
Бүгін, 10 қазанда Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізді. Жиын барысында ол Украинаның энергетикалық, әскери басқару және коммуникация нысандарына дәлдігі жоғары қарумен жаппай соққы жасалғанын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Бүгін таңертең Қорғаныс министрлігінің ұсынысы бойынша және Бас штабтың жоспары бойынша Украинаның энергетикалық, әскери қолбасшылық және коммуникация нысандарына алыс қашықтықтағы дәлдіктегі қарумен жаппай соққы жасалды", - деді Путин.
Ол сондай-ақ Ресей аумағында "лаңкестік" әрекеттер жалғаса беретін болса, қарсы жауаптың қатал болатынын әрі ауқымы үлкен болатынын ескертті.
Ресей президенті сонымен қоса Украинаны "Түрік ағыны" газ құбырының бір бөлігін бұзуға әрекеттенді деп айыптады. Оның сөзінше, қылмыскерлер ұсталып, олардан жауап алынған.
"Киев режимі өз әрекетімен өзін халықаралық лаңкестік топтармен бір қатарға қойды", - деп қосты ол Қауіпсіздік кеңесінің отырысында.
Бұдан бөлек Ресей Федерациясының президенті Украинаны Курск атом электр станциясындағы үш теракт үшін айыптады.
- "Украинаның барлау агенттіктері кінәлі екені сөзсіз": Путин Қырымдағы жарылысты "террорлық шабуыл" деп атап, Украинаны айыптады
- Путин ядролық соққы жасауға дайын: Сарапшылар оны тоқтату жолдарын айтты
- Зеленский Путинмен келіссөздерден бас тартқанын растайтын құжатқа қол қойды
"Украинаның арнайы қызметі Курск АЭС-не қарсы үш рет лаңкестік әрекет жасап, электр стансасының жоғары вольтты желілерін бірнеше рет бұзды. Осындай үшінші шабуылдың нәтижесінде бірден үш бірдей желі зақымданған", - деді Путин.
Еске салайық, 10 қазанда, Украина астанасы Киев қаласында бірнеше жарылыс болған. Зымыран соққысы Киевтен бөлек Львовта, Тернопольде, Житомир облысында, Днепрде, Ровно облысында және Харьков қаласына жасалған.
Өткен сенбі, 8 қазанда Ресей Украинадан 2014 жылы аннексиялап алған Қырым түбегін Ресеймен жалғайтын көпір жарылып, бірнеше бетон жолы қираған.
Бұған дейін Ресей билігі "Қырым көпіріне шабуыл жасалса, жауап ауыр болатынын" бірнеше рет ескерткен.