Қызылордалық нәзік жандыларға мерекеге орай тосынсый жасалды
8 наурыз халықаралық әйелдер күні қарсаңында қызылордалық арулар айрықша көңіл-күйге бөленді. Бұл жолы нәзік жандыларды «Қызылорда автобус паркі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мекемесінің қызметкерлері құттықтады.
Бұл туралы Stan.kz сайтының Қызылордадағы тілшісі хабарлайды.
Жолаушыларға гүл шоқтарын тарту еткен шопырлар мен кондуктарлар қыз-келіншектердің алғысына бөленді.
Жасыратыны жоқ, әйелдер қауымы аталмыш мерекені асыға күтеді. Көктем мезгілімен тұспа-тұс келетін аталмыш датада осындай шара ұйымдастыру әдемі дәстүрге айналып келеді. Қоғамдық көлікке мініп, межелі аялдамаларына жетуге асыққан жандарға раушан гүлдері таратылды. Салтанатты киімдерін киген ер-азаматтар жүрекжарды тілектерін білдіріп, құттықтауларын жеткізді.
Аталмыш шара «8 наурызға – 200 гүл» ұранымен өтті. Көздің жауын алар сыйлық бүлдіршіндерден бастап ақ жаулықты әжелерімізге дейін берілді. Мұндай тартуды күтпеген жандар мәз-мейрам болып, тосынсый қатты таңғалдырғанын жасырмады. «Әрине, автобусқа мініп, гүл аламын деп ойлаған жоқпын. Кішкене сыйлық болса да, кәдімгідей көңілімізді көтеріп тастады. Игілікті бастаманы ұйымдастырған азаматтарға алғысымды білдіремін», – деді қала тұрғыны Света Альмуханова.
Аталған шара ертең де жалғасын таппақ. Қоғамдық көлік қызметкерлерінің тосынсыйын алуға асығыңыз!