Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қызылордалық келін: Қайын апаларымның қонағын күтіп, үйін жинап кету міндетім (фото)

Қызылорда халқы да қазақылықтың қаймағын бұзбай, әдеп-ғұрыпты барынша ұстанатын өңір. Әр үлкен шаңырақта келіннің орны бөлек. Ұзатылар қызға да ата-аналары бой жеткен сайын, барған жерде мойнына жүктелер міндетке дайындап отырады екен.

Айнұр  Нағашыбекованың үйінде Stan.kz тілшісі болып қайтқан еді.

Бір өңірде келінге лайықты құрмет көрсетілсе, енді бір облыста үлкендер  оларға үй шаруашылығын толығымен жүктеп қояды. Бұл сол аймақта тұратын адамдардың тікелей діліне, жеке басына  байланысты дүние.

Қызылордалық келіндер басына орамал байлап, үлкендерге иіліп сәлем салады.

Нағыз қазақылықты ұстанған ененің тәрбиесін көріп, көңілінен шығып жүрген Айнұр Нағашыбекова есімді келіннің өмірімен таныс болыңыздар.

Айнұр 20 жасында тұрмыс құрған. Студент шағында сүйіктісінің босағасынан аттаған бойжеткен басында біршама қиындықтардың болғанын айтады. Үй жұмыстарын дөңгелетіп әкетуге қайын апалары мен енесі көмектесіпті.

«Мен өзім Арал ауданы Жақсықылыш ауылында дүниеге келгенмін. Отбасымда өте ерке болып өстім. Сонда да үй шаруашылығына икемім болды. Ал келін болғаннан кейін бар жұмысты келіннің атқару керектігін түсіндім. Әлі күнге дейін орамал тағамын. Бұл біздің өңірде келіндерге қойылатын басты талап әрі ата-енемізге деген құрметіміз», – дейді Айнұр.

Айнұр дүниеге 3 қыз әкелген. Күнделікті балаларына тәрбие берумен қатар, үйдің барлық шаруасын жалғыз өзі істеп үлгереді екен. Жолдасы отбасының кенжесі.

Сол себепті ата-енесінің қолында тұрады. Күнделікті ерте тұрып, алдымен ата-енесіне иіліп сәлем береді.Үлкендер жас келінге осындай тәрбие берген.

«Біздің өңірде тапа – тал түске дейін, тіпті сағат 10-ға дейін ұйықтайтын келін жоқ. Сол себепті ерте тұрып, ата-анама сәлем беремін. Бұл бізге қойылар басты талап, әрі үлкендерге деген құрметіміздің белгісі.

Мұнан соң таңертеңгі шайды әзірлеймін. Тамақтанып болған соң үйдегілер жұмыстарына, қыздарым сабақтарына кетеді. Түскі асқа дейін үйдің ішін жинап үлгеруім керек. Шаңсорғышпен тазалап, едендер айнадай жалтырап тұруы  тиіс.

Екінші анам (енесі) тазалықты жақсы көреді. Сырттан келген кісі сынап кетеді ғой. Қарбаласта жүргенде түскі ас әзірлейтін уақыт болады. Оны жасап болған соң, үйдегілерді тамақтандырамын. Дереу ыдыс – аяқтарды жуып, балалардың кірін жуып аламын. Бәрін тез-тез жасап үлгеру қажет. Кешкісін жұмыстан келгендердің алдына астарын әзірлеп қоямын.

Барынша дәмдә ас пен шайға тәтті пісіруге тырысамын. Таңғы жеңіл асты қосқанда үш мезгіл тамақ пісіруге тырысамын. Келін болған соң осы шаруалардың барлығын дөңгелетіп отыру міндетім». – дейді Анұр Нағашыбекова.

Үйдегі тазалау, жинау, сүрту сынды жұмыстарды жасап болған соң, Айнұр балаларының сабағын оқуға көмектесемін дейді. Түн жарымда бір –ақ тыным табатын келіншек «мұндай үрдіске үйреніп кеттім» деп күледі.

«Біздің жанұямыз өте үлкен. Қайынапаларым үйлеріне қонақ шақырғанда көмектесуге баруға міндеттіміз. Меймандар алдына қоятын тәттілерді пісіріп, дастарханды дайындаймыз. Кісілер кеткен соң барлық ыдыс-аяқтарын жуып, үйлерін жинастырып кетемін»,  – дейді Айнұр келін.

Жалпы, Қызылордадағы келіндердің басым көпшілігі осындай. Тұрмысқа шыққаннан кейін түскен отбасының барлық адамына көмектесіп, сұрағандарын жасап беруге тырысады. Жоғары білімі бар келіндер  үйдегі жұмысын бітіріп, уақыты болса ғана жұмысқа тұратын көрінеді.

Бұған әрине енелердің беріп отырған тәрбиелері тікелей әсер етері анық.

Біз көпті көрген Сәуле Әлімжанова есімді қызылордалық ененің  келіндер туралы пікірін білген едік.

«Менің қолымда екі келін бар. Екеуіне де қатал қараймын. Өйткені бізге енеміз солай тәрбие берген. Осыдан он жыл бұрын жуылмай қалған ыдыстарды енем далаға лақтырып тастайтын. Түн ішінде ішім шермиіп жүріп қар тазалаған кезім есімде», – дейді қатал ененің тәрбиесін көрген әжей.

Оқи отырыңыз:

Атырауда үшем дүниеге келді (фото)

Көптеген мемлекеттік органның интернет-сайттары уақытылы жаңартылып отырмайды

Атырау қаласы әкімі: қалаға жаңа жылдық шырша орнатпауымызға да болады

Қанат Ислам WBO рейтингінде екінші орынға көтерілді

 

Талқылау