Қызылордада жедел жәрдем дәрігерлері жаралы адамды құтқара алмағаны үшін жауапқа тартылуы мүмкін
Қызылордада жол апатынан қаза тапқан таксишінің туыстары жедел жәрдем қызметкерлерін жауапқа тартқызуды талап етті, еп хабарлайды КТК.
Айтуларынша, апаттан кейін ұзақ уақыт марқұм тірі болған. Алайда дәрігерлердің жайбасарлығынан жаралы жүргізуші дер кезінде ауруханаға жеткізілмей, көлік ішінде бір сағаттай жатып қалыпты. Соның кесірінен қансырап көз жұмған дейді қаралы отбасы.
Жол апаты бола салысымен, жұрт кінәлі жүргізушіні емес, дәрігерлерді жерден алып, жерге салып жатыр. Айтуларынша, ақ халаттылар қансыраған кісіні жедел жәрдем көлігінің ішіне жатқызып қойып, оны ауруханаға жеткізуге еш асықпаған.
Жұрттың айқайынан соң дәрігерлер жаралы азаматты ауруханаға әкеткен. Алайда, 43-жастағы такси жүргізушісі жарты жолда көз жұмды. Марқұмның жесірі енді жылдам қимылдаудың орнына, жүріп алған жедел жәрдем қызметкерлерін сотқа бермекші.
“Уколын салған да, машина ішіне кіргізіп, есігін жауып кеткен. Сол машинаға салғаннан кейін апару керек еді. Мүмкін тірі қалар ма еді. Шамалы бір сағат болса да көретін едік қой”, – дейді марқұмның жесірі Гүлмира Дүйсенбаева.
Ал жедел жәрдемдегілер өздеріне шаң жуытар емес. Айтуларынша, оқиға орнына жіберілген бригада жол апатынан жараланғандардың бәріне бірдей көмек көрсетуге міндетті.
“Жол-көлік оқиғалары кезінде іс-қимыл алгоритмі бар. Сол алгоритм бойынша жол-көлік оқиғасы орнына бірінші барған бригада сортировка жасайды. Бұл фельдшердің жасаған сортировкасы дұрыс деп есептейміз. Себебі, ол бірінші ең ауыр науқасты алып, машинаға салып, оған көмек көрсеткен. Себебі, одан басқа да 3 науқас бар ол жерде”, – дейді Қызылорда облыстық жедел жәрдем станциясы бас дәрігерінің орынбасары Ғалия Нұрсейітова.
Сөйтіп, бірінші жеткен бригада келесі көлікті күтіп жүргенде уақыт созып алған. Ал жол апаты мына Мерседес мінген жігіттердің кесірінен болыпты. Жаңа төселген асфальттің үстімен жарысқандар, бұрылыста тұрған таксиді соққан. Сөйтіп оны сүйрелеген бойы келесі көшедегі Ішкі істер департаменті ғимаратының алдына барып бір-ақ тоқтаған.
“Қайта-қайта аварийкасын жақты. Қасындағы машинаға жарысайық деп белгі берді. Сосын екеуі жарысты”, – дейді оқиға куәгері Абылайхан Оспанов.
Алайда жылдамдықты асырғандардың оңай құтылатын түрі бар. Өйткені, екі бірдей Мерседестің жарысқанын көргендер болса да, полицейлер абайсызда болған оқиға деп іс қозғаған. Сотқа дейінгі тергеуді бастағандар тіпті жүгінсіз жүргізушілерді қамаққа да алмаған.
Тағы да оқыңыз:
Алматы облысында мүгедек азаматтың үйін танысы қарызы үшін кепілге қойып сатып жіберген
Жас жігіт мешітте жамағатқа Елбасын қолдау туралы ұран тастаған (видео)
Денесін күйік шалған қазақ қызына Кореяда пластикалық ота жасалатын болды