Қызылорда облысында ұлы анасына бауырын беріп өміріне араша түсті
Қызылорда облысының Тереңөзек елді мекенінің тұрғыны, 22 жастағы Мұхтар Ешпанов науқас анасына бауырының жартысын беріп, өміріне араша түсті.
Мұхтардың айтуынша, осыдан төрт жыл бұрын анасы Гүлжахан Баймаханованың кенеттен денсаулығында кінәрат пайда болады. Күннен-күнге дерті асқынып, жағдайы нашарлай береді. Ағзадағы белсенді вирустар бауырға зақым келтіреді. Аудандық ауруханада, облыстық орталық ауруханада ұзақ уақыт ем-дом қабылдағанымен, дәрігерлер Гүлжахан апаның нақты диагнозын анықтай алмады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Анам үмітін үзген жоқ. Алматы қаласындағы Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығына барып қаралды. «Аутоиммунный гепатит» деген диагноз қойды. Дәрі-дәрмектер жазып берді. Кейіннен, 2015 жылдың қыркүйегінде Алматыға тағы баруға тура келді. Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығының «Бауыр, өт жолдары және ұйқы безі» хирургия бөлімшесінің мамандары донор тауып, ота жасау керектігін айтты. Отаға келіспеген жағдайда дәрі-дәрмектер арқылы өмірін екі-үш жыл созады екен» , – дейді Мұхтар.
Мұны естіген Гүлжахан Баймаханова отбасының алдағы өмірін ойлап, емдік шараға жүгінуге бел буады.
«Отбасымызбен ақылдастық. Анамның қиналғанын көргім келмеді. Мен келісімімді бердім. Алматыда толық тексеруден өттім. Нәтижесінде бауырым анама 100 пайыз сәйкес келетін болып шықты», – дейді Мұхтар.
Оның себебі бар, Мұхтар – спортшы. Ішімдік, темекіге әуестігі жоқ.
Сөйтіп, 2016 жылдың 31 тамызында екеуіне – Мұхтарға 16 сағат, анасына 19 сағат ота жасалды. Сәтті аяқталды.
«Өзімнің төрт балам бар, Мұхтар ортаншым ғой. Басында баламның болашағына зияным тиіп кетер деп қарсы болдым. Бірақ дәрігерлер «қорықпаңыз, алаңдайтын ештеңесі жоқ» дегесін мен де келістім. Перзентімнің батылдығы да бойыма күш-жігер берді. Шүкір, қазір жағдайым жақсы», – деді Гүлжахан.
Ал күрделі отаны орталықтың білікті дәрігері Болат Баймаханов пен Шохан Қаниев жасады.
«Дәрігер Болат Баймахановтың жетекшілігімен ота жасадық. Қазір Гүлжахан Баймаханованың да, баласының да денсаулығында проблема жоқ. Олармен хабарласып тұрамыз. Арасында бізге келіп, тексеріліп тұрады. Жалпы, біздің бақылауымызда. Денсаулығы бұрынғы қалпына келгенше біраз уақыт күтіну керек», – дейді Шохан Қаниев.
Осы жаңалықты естігендер анасына бауырын беріп, өлімнен арашалаған жас жігіттің әрекетін ерлікке балауда.
Жіберіп алмаңыз:
Елімізде тұтынып жүрген 19 литрлік құтыдағы су қауіпті болып шықты
Алматыда мешіт қызметкерлері үмітсіз науқастың бүйрегіне ота жасап берді
Алматылық дәрігерлерге қатысты жантүршігерлік құпия деректер жария болды