Қытайдың «фейскини» су киімдері енді жануарлар бейнесінде шығарыла бастады (фото)
Франциялықтар мұсылманша су киімдерімен күресіп жүрген сәтте, қытайлық кәсіпкерлер жабық шомылу киімінің бірнеше нұсқасын шығарып, қиялдарына ерік беріп үлгерді. Қытайда 2014 жылы 60 жастағы Цан Ши Фан есімді кәсіпкер алғаш рет «фейскини» су киімдерін ойлап тапты. Бұл киімнің ерекшелігі денеге жабысып тұрады, матасы теріге жұмсақ әрі шомылуға барған адамды зиянды күн сәулесінен қорғайды. Себебі, Қытайда күнге күймеген тері үнемі сәнді саналып келген. Қытай қыздары бұған дейін жазғы демалыста үлкен қолшатырды паналап, түрлі жабық киімдер киіп, күннен қорғайтын кремдер жағып әуреге салынатын.
Бұл туралы Daily Mail жазды.
Цан Ши Фанның осы жазға ұсынған нұсқасы жануарлар бейнесінде. Су киімі панда, жолбарыс сынды алып әрі азайып баражатқан жануарлардың образына келтірілген. Кәсіпкердің сөзінше шомылу киімінің бұл нұсқасы көпшілікке ұнаған тәрізді.
Шомылу киімінің барлық жері жабық десек болады. Тек ауыз, көз, мұрын, табанда және кей киімдерде шаш байлауға арналған тесік ғана бар.
Осы су киімі алғаш сатылымға шыққан кезде көпшілік түрліше әзілдеп, мазаққа айналдырған еді. Бірінші жылдары тек орта жастағы әйелдер киіпті. Ал қазір жас қыздар тұрмақ ер азаматтардың өздері осы су киімін кигенді ұнатады екен.
«Мен мұнымен тоқтап қалмастан, су киімінің жаңа үлгідегі түрлерін ойластыратын боламын. Бұны тек Қытайда емес өзге елдің адамдары да киетін болады»,-дейді кәсіпкер әйел.
Алғашында зиянды сәулелерден қорғануға арналған шомылу киімінің басы ғана жабық болған. Енді міне күнге күйгісі келмейтіндерге толық мүмкіндік ұсынылып отыр.