Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Құспен соқтығысу ұшақтың апатқа ұшырауына себеп бола ала ма – Авиасарапшы жауап берді

25 желтоқсанда Ақтауда Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Алдын ала мәлімет бойынша, апатқа ұшақтың құстармен соқтығысуы себеп болған. Осы орайда құстың әуе көлігіне соғылуынан апат болуы мүмкін бе деген сауал туындайды. Stan.kz ақпарат агенттігі аталған сұрақтың жауабын авиация сарапшысынан білді.  

Фото: depositphotos

Кейінгі жылдары ұшақ пен құстардың соқтығысуы жиі тіркелетін апат санатында. Мұндай апат алғаш рет 1912 жылы Америка Құрама Штаттарында тіркелген. Ол кезде әуе көлігінің руліне шағала құлап, үлкен апат болған. Алдын ала мәлімет бойынша, бүгінгі апатқа да құстың ұшаққа соқтығысуы себеп болған. Ақтауға жақын маңда құлаған "Embraer 190" ұшағы басқару жүйесі істен шықса да 50 минут бойы ұшып жүрген. 

Baza Telegram-арнасының дереккөзі Ақтау әуежайына Әзірбайжанға тиесілі ұшаққа қатысты ақпаратты Дондағы-Ростов диспетчерінен алғанын хабарлады.

"Мәскеу уақыты бойынша сағат 8:35-те ұшқыштар ұшақтың құстармен соқтығысқанын айтты. Содан кейін Эмбраер бортындағы газ баллоны жарылып, басқару жүйелері істен шыққанын хабарлады. Сосын ұшақ командирі Ақтау әуежайына тікелей қонуды сұрады. Ұшқыштар ұшақты тек қозғалтқыштың күшімен басқарды. Ал әуе көлігінің рульі мүлде жұмыс істемеді. Ұшақ жағалауға жақындаған кезде экипаж бірнеше бұрылыс жасады. Әуе кемесінің командирі әуежайға қонуға арналған қону конфигурациясын жасай алмай, ұшақты әуеден таңдалған учаскеге қондыру туралы шешім қабылдады. Ұшқыш ұшақты түзу әкелді. Сосын қатты биік болғандықтан бұрылуды сұрады. Ұшқыш әуеден алаң іздеп, бір, екі бұрылыс жасады", – дейді дереккөз. 

Ұшқыштар соңғы уақытқа дейін сәтті қонуға тырысқан

Мамандардың айтуынша, ұшақтың жылдамдығы жоғары болғандықтан, құспен соқтығысуы үлкен шығынға ұшыратады. Көбіне олар ұшақта кабинаның әйнегіне, радиоөткізгіш қаптамаға және турбореактивті қозғалтқышқа соғылуы мүмкін. Бұл тұжырымға авиация сарапшысы Абыл Кекілбаев та келісетінін жеткізді. Сарапшының сөзінше, ұшақ 1000 шақырым жылдамдықпен ұшып келе жатқанда бірдеңеге соқтығысса, үлкен шығынға ұшырайды.

"Иә, құстардың ұшаққа соқтығысуы – жиі кездесетін жағдай. Көбіне құс әуе көлігінің қай жеріне соғылатынын білмейміз. Егер құс қозғалтқыштың ішіне кіріп кетсе, ол мүлдем жұмыс істемей қалады. Жанып кетпес үшін өздері сөндіріп қояды. Одан бөлек рульге тиіп кетуі мүмкін. Мұндай жағдайда ұшақ жоғары көтерілмей, бұрылмай бір орында тұрып қалады. Ондай сәтте ұшқыштар ұшып келе жатып, басқаша техникалармен қиын жағдайды еңсеруге тырысады", – дейді сарапшы. 



Авиация сарапшысының сөзінше, бүгін ұшақ апаты болардан бұрын ұшқыштар әуе көлігін мүмкіндігінше  бұрып, ашық жерге қонуға тырысқан. 

"Бүгінгі апатқа қатысты видеоларды қарап шықтым. Экипаж қонуға Ақтау қаласын таңдап, тұрғындар мен ғимараттарға зақым келмес үшін әдейі бұрылып, бөлек ұшып келген. Бұл да ұшқыштардың өз ісінің шебері екенін білдіреді. Олар Ақтауға ұшып келіп, тұрғын үйге құласа, үлкен шығын болуы мүмкін еді. Ұшқыштар мүмкіндігінше ұшақты бұрып, ашық жерге алып келген. Видеоға қарасаңыз, олар соңғы уақытқа дейін сәтті қонуға тырысқан. Болашақта мұндай апат қайталанбас үшін осы жағдайды жан-жақты зерттеп, тексеру керек. Тексеру комиссиясының қорытындысы ұшқыштарға ақпарат ретінде таратылуы керек. Олар дайындық кезінде соларды ескеріп, пайдалануға тиіс", – дейді сарапшы Абыл Кекілбаев.

Ал журналист Михаил Козачковтың айтуынша, Баку-Грозный бағытындағы ұшақ кедергілерге Ресей әуе кеңістігінің бір жерінде тап болған. Себебі ол елде қоқыс үйінділері көп болғандықтан, құстар да көп жүреді. 

"Оқиғаның қай жерде, қашан болғанын тергеп, анықтау үшін көп уақыт қажет. Алдын ала болжам бойынша, ұшақ Ресей әуе кеңістігінің бір жерінде соқтығысқан. Себебі көп жағдайда құстар қоқыс үйінділері аймағында ұшып жүреді. Ал Қазақстанда жыл сайын ұшақтарды құстар зақымдайды. Әсіресе Алматы маңында мұндай оқиғалар көп болады. Себебі өңірде үйінділер көп. Екі жыл бұрын әріптестеріммен қоқыс үйіндісіне айналған бірнеше жерді тауып, видеоға түсіріп, көпшілікке көрсеттік. Сосын мұндай жерлерді тезірек жоюды сұрадық. Дегенмен олардың қоқыс үйінділерін жойғанына сенімді емеспін. Қазір барлық заңсыз қоқыс үйінділерін тауып, оларды жоятын уақыт туды деп есептеймін", – деп жазды журналист. 

Құстардың соқтығысуынан жыл сайын авиацияға 1,2 миллиард доллар шығын келеді

Ұшақ пен құстардың соқтығысуы салдарынан болатын апаттың алдын алу үшін Халықаралық азаматтық авиация ұйымы түрлі іс-шараларды ұлттық және халықаралық деңгейде қарастырып жатыр. Мысалы, халықаралық авиация ұйымының ресми деректері бойынша, 2001-2007 жылдар аралығында дүниежүзінде 42 мың 508 соқтығыс тіркелген. Әуе кемелерімен соқтығысудың ең көп тараған түрі – құс үйірінің күндізгі уақытта ұшып жүруі.  

Соқтығыстардың 84%-ға дейінгісі – 100 метр биіктікте, ұшып көтерілу және көтерілудің бастапқы кезеңдерінде (40–52%) болады. Сондай-ақ қонуға жақындау, жерге түсу және қону аймағында да болады дейді. Авиация тарихында құстардың соқтығысынан болған ең ірі апат 1960 жылы тіркелген. Бостонда болған апаттан 62 адам мерт болыпты. 

Халықаралық сарапшылардың мәліметінше, құстардың соқтығысуынан жыл сайын әлемдік коммерциялық авиацияға 1,2 миллиард доллар (621 миллиард 289 миллион теңге) шығын келеді.

Айта кетейік, 25 желтоқсанда Ақтау маңында ұшақтың құлағаны туралы хабарлаған едік. Ұшақта 62 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Апаттың алдын ала себебі оның құстарға соғылуынан екені айтылды. Өкінішке қарай, аман қалғандардың тізімінде қазақстандықтар жоқ.

Талқылау