"Сел жүрсе, инфекция шайылып шығады": Алматылықтар сібір жарасы көмілген аумақта салынып жатқан заңсыз құрылысқа шағымданды
Фото: Видеодан скрин
Алматыда тұрғындар бұрын сібір жарасының қалдықтары көмілген аумақта заңсыз жаңа тұрғын үй салынып жатқанына шағымданды. Айтуларынша, егер бұл нысан салынса, зілзала мен сел жүру сияқты апаттық жағдайлар болса, жанындағы үйлер мен адамдардың өміріне қауіп төнеді. Әрі сібір жарасынан қырылған мал көмілген орнын қайта ашып тастауы мүмкін. Тұрғындар тыйым салынғанына қарамастан құрылысты жүргізіп жатқан компанияға шара қолдануды сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
“Письма президенту” арнасы оқиға орнына барып жағдайды баяндады. Деректерге сай, 2023 жылы ірі кәсіпкер Есенғали Байменов бұл жерден шамамен 6 гектар болатын 5 жер участкесін сатып алған. Қазір мұнда коттедж қалашығын салуды жоспарлаған. Алайда ресми органдардан да, соттан да рұқсат алмаған. Себебі бұл аймақ сібір жарасы ауруы көмілген орын.
“Дегенмен біз бұл жерден құрылыс жұмыстарының жүріп жатқанын көріп тұрмыз. Жер участкесін тегістеу сияқты дайындық жұмыстарын, қоршауларды көріп тұрмыз. Коттедж қалашығын салу үшін барлық нәрсе жасалып жатыр. Бірақ ешкім бұл жердің бірінші сатыдағы қауіпті аймақ екенін түсіндіріп жатқан жоқ. Ешкім адамдарға мына жердің асты өлімге әкелуі мүмкін екенін түсіндірмейді”, – деді журналист.
“Жер сілкінісі немесе сел жүрсе, сібір жарасының бөлшектері шайылып шығады”
Тұрғындардың айтуынша, құрылыс орны өтіп жатқан бұл жер телімі тау сайының үстінде орналасқан. Астында бұлақ бар. Ал оның арнасы толығымен топырақпен көміліп қалған.
“Бұл аумақ – бұрын табиғи жайылым, шалғын болған. Қазір бұл жердің нақты кімге тиесілі екенін білмейміз. Бірақ соңғы уақытта оны біртіндеп топырақ төгіп, сату мақсатында пайдалануда. Күн сайын бұл жерге 100-ге жуық КамАЗ келіп, топырақ тасиды. Олар топырақты жол арқылы әкеліп, осында үйіп кетіп жатыр. Бұл опырылу қаупін тудырады. Мұның салдарынан жанындағы тұрғын үйлерге қауіп төнеді. Олар шөгуі немесе деформацияға ұшырауы ықтимал. Ал егер жер сілкінісі немесе сел жүрсе, аумақтағы топырақ көшеді. Ал сел жүрген жағдайда, жер астында көмілген сібір жарасының инфекциясы шайылып шығады. Бұл бүкіл маңайды, жер телімдерін, тіпті тұрғындарды да аса үлкен қауіпке ұшыратады. Бұл мәселеге байланысты бірнеше рет төтенше жағдайлар мен санитарлық-эпидемиологиялық қызметті шақырдық. Олар бұл әрекеттердің заңсыз екенін, мұндай жұмыс жүргізуге болмайтынын айтты. Бұл экологияға да зиян. Мұнда қыс мезгілінде қар мен су мөлшері көп болады. Бұған дейін олар төккен топырақ жаңбыр мен еріген қармен төменге ағып, қоршау бұзылып, төмен құлап кеткен. Астыда бұлақ, таза ауа мен әдемі табиғат көрінісі болды. Қазір мұның бәрін топырақпен көміп жатыр”, – деді тұрғындар.
"Араласпаңыздар, бәрі біздің айтқанымыздай болады" деді”
Олардың айтуынша топырақты тасу үшін күнделікті 20-40 шамасында үлкен жүк көлігі өтеді екен. Ең таңқаларлығы – жолда жүк көліктердің жүруіне тыйым салатын белгілер қойылған. Алайда бұған жүргізушілер мүлде мән бермейді екен.
“Бұл мәселе бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. Біз тұрғындар болып бірнеше рет полицияға хабарласып, аталған көліктердің бұл жолмен жүруіне тыйым салуды сұрадық. Алайда, өкінішке қарай, бұл әрекетімізден еш нәтиже шықпады. Керісінше, кей тұрғындар мәселені өз бетімен шешпек болып, жолды уақытша жауып тастаған еді. Сол кезде полиция келіп, жолды жапқан адамдарға айыппұл салып кетті. Біз осы жердегі жағдайға жауапты адамнан түсініктеме сұрағанымызда, ол ашуланып: "Араласпаңыздар, бұл жерде бәрі біздің айтқанымыздай болады" деді. Мұндай қарым-қатынас пен заңға қайшы әрекеттерге төзу қиын. Біз бұл мәселені шешу үшін 5 жылдан бері күресіп келеміз. Бірақ ешқандай нәтиже болмай тұр. Прокуратураға да, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына (ГАСКА) да бірнеше рет жазбаша негізде жүгіндік. Бірақ ешбірінен нақты жауап не шара көрген жоқпыз”, – деп қосты тұрғындар.
Тағы бір тұрғын осының салдарынан үйінде балалары мен егде жастағы ата-анасы ауырып жүргенін алға тартты.
“8 жыл бұрын әкімдіке шағымдандым. Содан кейін бір жылдай құрылыс тынышталып қалған еді. Алайда қайта басталды. Күнде мына жердің шаңын шығарып жүк көліктері өтеді. Соның салдарынан балаларым ауыра бастады. Бұл тіпті денсаулығымызға әсер етуде. Отбасымда кәрі адамдар да бар. Одан бөлек құрылысшылар жерді қолдан биіктетіп жатқандықтан, біздің үй шұңқырда қалып бара жатыр. Егер қатты жер сілкінісі болса меніңше салынған үйлер біздің үйдің үстіне құлайды.
Көз алдыңызға елестетіңіз, 6 гектар жер, екі қабатты үйдің биіктігіне дейін көтерілген. Бұл жай ғана құрылыс емес, бұл – тұтас ландшафттың бағытын, табиғи жер бедерін өзгерту. Біз бір күні таңертең оянсақ, бәрі кеш болып қала ма деп өте қатты қорқамыз. Үкімет пен жауапты органдар көбінесе тек үлкен трагедия болғаннан кейін ғана әрекетке көшеді ғой. Осыған байланысты, жағдайды тез арада шешіп, тұрғындардың өмірі мен қауіпсіздігін қорғау үшін нақты шаралар қабылдауды сұраймыз”, – деді олар.
Мәселеге байланысты Stan.kz тілшісі Алматы қаласының әкімдігінен пікір сұрады. Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы бұл құрылысқа рұқсат берілмегенін жеткізді.
“Детальді жоспарлау жобаларына (ДЖЖ) сәйкес, Медеу ауданы, Ондасынов көшесі, 217/6, 217/7, 217/8, 217/9, 217/10, 217/5 және 219 мекенжайларындағы жер телімдері усадьбалық құрылыс аймағында, жалпы пайдалануға арналған жасыл желек аймағында және санитарлық-қорғаныш аймағындағы арнайы жасыл желек аумағында орналасқан. Аталған мекенжайлар бойынша қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы тарапынан қандай да бір жобалық алдындағы құжаттама берілмеген” , – деді ведомство.
Ал Қала құрылысын бақылау басқармасы қазір бұл жерде құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатпағанын алға тартты.
“2022 жылғы 19 қазанда меншік иесіне қатысты әкімшілік шаралар қабылданып, құрылыс-монтаж жұмыстарын (ҚМЖ) тоқтату туралы нұсқама берілген.
2022 жылғы 15 желтоқсанда бұл нұсқаманың орындалмағаны үшін қайталап әкімшілік шаралар қолданылған.
2023 жылғы 4 шілдеде Алматы қаласының қала құрылысы бақылау басқармасы ҚМЖ-ны мәжбүрлі түрде тоқтату туралы талап арызбен Медеу аудандық сотына жүгінген.
2023 жылғы 29 қыркүйекте Алматы қалалық соты Медеу аудандық сотының талап арызды қараусыз қалдыру туралы шешімін күшінде қалдырған, өйткені құрылыс-монтаж жұмыстары ерікті түрде тоқтатылған.
2025 жылғы 22 шілде жағдайы бойынша жүргізілген визуалды тексеру нәтижесінде нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілмей жатқаны анықталған”, – деді ведомство.

"Балам әкесінің дертін "мұра" етіп алды": Қазақстандық шизофрениямен ауыратынын 16 жыл бойы әйелінен жасырып келген
