Қырғыз қызының қолаң шашы өзінің бойымен бірдей (фото)
Қырғызстандық Самара Абакирова шашын 15 жылдан бері өсіріп келеді. Қолаң шашының ұзындығы – 160 сантиметрге жеткен.
Суреттер Фейсбуктағы парақшасынан алынды
Бұл туралы Қазақстан Жаңалықтары хабарлайды.
Қыздың ата-анасы шашын қидырып тастауға қарсы болған. Ал қазір Самараның өзі де осындай сұлулықтан айырылып қалуға қорқады.
«Мен бала кезден өсіріп келе жатырмын. 12 жасымнан бері бір де бір рет шаштараздың алдына барған емеспін. Қазір жасым 29-да. Анамның да, сіңілімнің де шаштары ұзын», – дейді Абакирова.
Оның сөзінше, осындай ұзын шашты сақтау үшін шыдамдылық пен ерекше күтім керек екен. Шашты жуып, кептірудің өзі ұзақ уақыт алады.
«Көп адам менің ұзын шаштарыма таңғалады. Көшеге шыға қалсам болды, кішкентай баладан үлкен кісілерге дейін таңырқап қарап, ризашылықтарын білдіреді. Тіпті кейбіреулер менімен суретке де түсіп алады», – дейді ол.
Күнделікті өмірде Самара шаштарын жинақы етіп өріп алады. Ал мұндай шашты ерекше үлгімен сәндеп алудың бағасы 3000 сомнан жоғары екен.