Құрбан айт Әзірбайжанда 2 күн, Түркияда 3 күн тойланады: Қазақстандықтар қанша күн демалғысы келеді

31 шілдеде барша мұсылман үшін қасиетті Құрбан айт мерекесі басталады. Мейрамның өзі үш күнге созылады, алайда Қазақстанда күнтүзбе бойынша мейрамның тек алғашқы күні ғана демалыс күні боп есептеледі. Ал ислам дінін ұстанатын Түркияда - үш, Әзірбайжанда екі күн Құрбан айт мемлекеттік демалыс ретінде тойланады. Осы атаулы мейрамда қазақстандықтар неше күн тойлап, демалуы тиіс деген сауалға қатысты Stan.kz тілшісі қоғам және өнер қайраткерлерінің пікірін білді. 

Қоғам қайраткері, айтыскер ақын Балғынбек Имашев Қазақстан зайырлы мемлекет болған соң Құрбан айтқа орай 1 күн демалыс берілгеннің өзі жақсы екенін айтады.

"Қазақстан халқы ежелден ислам дінін ұстанған. Исламда ең ұлық екі мереке бар. Ораза айт пен Құрбан айт. Еліміз зайырлы мемлекет болса да, 1 күн демалыс бергеннің өзі үлкен жақсылық. Басқа мемлекеттер, әрине, мұсылман мемлекеттері бір апта тойлайды. Себебі негізі Құрбан айттың өзін төрт күн тойлайды, осы аралықта құрбан шалып үлгеруі керек", - дейді айтыскер ақын. 

Ораза айт бір күн болса да, үш күн тойлаймыз. Арафа күнін қоса есептегенде, мұсылмандарға бес күн мереке, дейді ол. 

Айтуынша, қазір тойлайтын емес, ойлайтын заман.

"Бірақ мұсылмандардың ниеті, пейілі Аллаға жақындау, мемлекетке, жеке адамға жақсылық жасау. Адам басына берілетін кез-келген проблема Алла тағаладан алыстап кеткен себебінен болады. Сондықтан Құдайға қанша күніңді арнаймын десең де артық емес. 

Алланы естен шығармай, оған бойұсынып тұрса, күнәдан да аулақ болады. Әртүрлі нашақорлық, жемқорлық, зинақорлық, парақорлық сияқты проблемалар көп. Алла көріп тұр дегенді ойласа адамдар осындай қорлықтарға бармайтын еді. Дәл қазір бүкіл әлемнің басына нәубет төніп тұрған кезде, тәубаға келіп, мейлінше Аллаға қол жаюға тырысуымыз керек", - дейді Балғынбек Имашев.

"Әзірет-сұлтан" мешітінің наиб имамы Бақытжан Өткелбаев шариғат бойынша Құрбан айт үш күн тойлануы керек екенін айтады.

"Құрбандықты осы үш күн ішінде шалуға болады. Бүгінде 80 пайыз адам үш күн ішінде құрбандық шалып үлгереді. Әдетте мемлекеттік қызметкерлер, 8 сағат жұмыс істейтін адамдар бірінші күні шалдырып тастайды. Ал қолы бос адамдар уақыттарына қарай шалдыра береді. 

Бұл мереке кезінде ең алдымен Құрбан айт намазы оқылады (карантин болмаған жағдайда), одан кейін құрбандық шалынады, адамдар бір-бірін құттықтап, жақсы көңіл-күй сыйлайды", - дейді имам.

Айтуынша, Қазақстанды Түркия сияқты негізгі діні ислам болатын елдермен салыстыра алмаймыз.

"Түркия мен Қазақстанды салыстыра алмаймыз. Түркия елінің 99%-ы -  мұсылман халық, ал бізде мұсылман емес басқа дін өкілдері бар. Қазақстанда мұсылмандар 70%-ды құрайды. Олардың діни мерекелеріне де бір күн демалыс берген, бізге де сәйкесінше бір күн берілген. Бізге үш күн демалыс берілсе, басқа дін өкілдеріне де сондай уақыт демалыс беруге тиіс болуы мүмкін. Бізде 18 конфессия бар. Осы орайда, олардың да құқықтары қаралады", - дейді ол. 

Жалпы үш күн болғанын әрине, әрбір мұсылман қалайды, дейді наиб имам.

"Бірінші күні құрбандығын шалып, екінші күні емін-еркін айттауды қалайды. Алайда жыл сайын бір күн демалыс жеткілікті болып жүр. Құрбандықты да шалып, кешке айттап, тойлауға уақыттары жеткілікті. Жамағат тарапынан сұрақтар туындап жатқан жоқ", - дейді Әзірет-сұлтан мешітінің наиб имамы.

Биылғы Құрбан айттың форматы өзгеше. Діни басқарма құрбандық шалу онлайн ұйымдастыруда, дейді ол.

"Адамдар үйінде отырып-ақ, имамдарға өкілеттілік беріп, құрбандығын шала алады. Кейін видео және фото есебі беріледі. Мұқтаж жандарға ет үлестіріледі, олардың өтініштері сайт арқылы қабылданып жатыр. Қазіргі карантин жағдайында індеттің таралмауын алдын алу үшін игілікті жоба қолға алынып отыр. Себебі мал базарлар санэпидемстанция тарапынан жабылған. Тек Діни басқарма тарапынан бір мал базар жұмыс істейді. Санитарлық нормаларға сай жұмыс істейтін бұл базарда волонтерлар мен имамдар малдарды шариғат талабына сай сойып, құрбандықтарын үйлеріне жеткізеді", - дейді имам.

Ал "Жігіттер" тобының әншісі Айдар Тұрғамбек алдағы уақытта Құрбан айтты бір апталап тойлайтын кезге де жететін шығармыз дейді.

"Біз 1991 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін ақырын-ақырындап осыған келе жатырмыз. Төрт күн емес, бір апта тойлауға жететін шығармыз. Барлық нәрсеге сабырмен, ұстамдылықпен қарау керек. Бір, екі, үш күн дегенде тұрған ештеңе жоқ. Ол кезеңге де келеміз деп ойлаймын", - дейді ол.

Айтуынша, Түркия баяғыдан бері өзінің дінін сақтап келе жатқан мемлекет. Сондықтан елімізді Түркиямен салыстыра салуға болмайды.

"Түркия елінде дін үзілмеген. Біздер 80-90 жылға діннен ажырап қалдық. Біз дінімізді еркін тойлауға, 3-4 күн, бір апта тойлауға енді келе жатырмыз", - дейді әнші. 

Түркияда тұратын жерлесіміз Индира Такенқызы түрік халқы қасиетті Рамазан айын, Ораза айт пен Құрбан айтты ерекше құрмет тұтып, кең ауқымда атап өтетінін айтады

"Түріктер Жаңа жылды қатты атап өтпейді, керісінше Ораза айт, Құрбан айтты кең ауқымда атап өтеді. Мен Рамазан айының маңыздылығын осында келгенде түсіндім. Рамазан айында әр ауданда үлкен ауызашарлар жасалады. Мұны қала муниципалитеті немесе саяси партиялар ұйымдастырады. Рамазан байрам мен Құрбан байрам төрт күн аталып өтіледі, әдетте қоғамдық көлікте жүру тегін. Осындай кішігірім бірақ көңілге жағымды дүниелер мерекелік атмосфераны құрайды. Мен бұл мерекелерді Жаңа жылдан көрі қатты күтетінімді түсіндім", - дейді қандасмыз.

Айта кетейік, ҚР Еңбек кодексінің 84-бабына сәйкес, Құрбан айттың бірінші күні демалыс күні болып табылады.

Алайда, Құрбан айт мемлекеттік және ұлттық мерекелер тізіміне енбейді, оған жоғарыдағы заңның нормалары қолданылмайды. Яғни, жексенбі Құрбан айт мерекесімен сәйкес келсе, келесі жұмыс күні демалыс боп саналмайды.

 

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр