Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Құм мен саз ағады: Түркістан облысының тұрғындары ластанған ауыз су жағдайына наразы

Түркістан облысы Леңгір қаласында тұрғындар ауыз су сапасына шағымдануда. Мұнда бірнеше жылдан бері құбырдан құм мен саз араласқан, тіпті құрттар кездесетін су ағады екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Otyrar порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Тұрғындардың айтуынша, краннан құммен, кейде құртпен лас су ағады. Ал бұл 6 жылдан бері жалғасып келеді екен.

"Су құбырларын ашқанда олар толығымен кірмен, лаймен бітеліп қалады. Бұл тіпті құбырды сындырады. Сондықтан үнемі өшіруге тура келеді", – дейді тұрғындардың бірі.

2015 жылы Леңгір қаласында су құбыры жаңартылған. Бұл үшін бюджеттен 10 миллиард теңге бөлінген. Бірақ кейін қаладағы су құбырынан ақау шыққан. Жаңғырту жұмыстарынан кейін аудан орталығының көшелерін су басқан. Ал бұл су ешқандай санитарлық нормаға сай келмеді.

2018 жылы мердігер, техникалық қадағалау мен әкімдік қызметкерлері кінәлі деп танылды. Олардың екеуіне рақымшылық жасалса, қалғандары шартты түрде сотталды. Олардың салғырт жұмысының зардабын тұрғындар әлі көріп келе жатыр.

"Біз СЭС және тұтынушылардың құқықтарын қорғау органдарына хат жаздық. Ал бізге 1 шілдеге дейін бәрі реттеледі деп отыр. Сондықтан ештеңе түзетпедік. 6 жыл бойы осындай судың азабын тартып келеміз", – дейді халық.

Жергілікті су шаруашылығы мекемесінің жаңа директоры ауыз суға қатысты мұндай жағдай бүкіл Леңгірде емес, оның кей жерлерінде ғана бар екенін айтады.

"Бұл жағдай әлдеқашан кешіктірілді. Оны шешу үшін қазір тазарту қондырғысын іске қосып жатырмыз. Мәселе шешілгеннен кейін - су таза болады. Енді су берудегі үзілістерге қатысты. Ескі желіден жаңасына көшу мақсатында желілерді жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Күндіз-түні жұмыс жүріп жатыр", – деді "Леңгір су" мемлекеттік кәсіпорнының директоры Арнұр Ермекбай.

Әкімдік су құбырын жаңғыртудың барысы мен сапасын бақылауға уәде беріп отыр. Леңгір қаласының тұрғындары прокуратураға арыз жазбақшы. 

Талқылау