"Құлайтынын 2 жыл бұрын ескерттік": Түркістан облысында көпірі опырылған ауыл тұрғындары ауызсусыз қалды

Түркістан облысында ауылдарды жалғап жатқан алып көпір тұрғындардың көз алдында опырылып түсті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Енді жұрт 10 минуттық жерге, айналма жолмен бір сағатта жетуге мәжбүр. Көпірдің арғы жағында қалған оқушылар болса сабақты онлайн оқуға көшкен. Ол аздай көпірмен қоса су құбыры да құлаған екен. Осылайша Келес ауданындағы бірнеше ауыл не көпірсіз, не ауызсусыз қалды.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, құлаған көпір 55 жыл бұрын салынған көрінеді. Содан бері талай рет жөндеу көрген көпір былтыр да қайта қалпына келтіріліпті.
“Ол негізі жазда қисайып тұрған. Істейміз істейміз деп жүрді. Ана біреулер. Алдыңғы жылы бір істеп кетті. Одан кейін қалды ғой сол күйі. Цемент құямыз деді де сол күйі жоқ қой. Кеше түске дейін өтті ғой. Балалардың бәрі газельмен кеткен. Түстен кейін құлап отыр. Екілерде өткен болса бестерде құлап отыр”, – дейді Түркістан облысының тұрғыны Мұхит Орманов.
Көпір қираудан үш сағат бұрын ғана жабылғаны белігілі болды. Көпірден соңғы өткен жолаушылар оның қисайып жатқанын байқап, әкімдікке дабыл қағыпты. Енді өзеннің арғы жағында қалған Ұшқын, Қырықжылдық ауылдары Келес ауданына он минутта емес, бір сағатта айналып келуге мәжбүр. Тиісінше жолақысы да екі есеге қымбаттаған.
"Әр отбасы 40 мың теңгеден жинаған": Өскемен тұрғындары өз күштерімен көпір салып алған
Өскеменде екі жыл бұрын 600 миллион теңгеге жөндеуден өткен көпір опырылып түсті
“Мен екі жыл алдын шырылдап алдына талай рет бардым кездесуге. Сонда көпір құлағалы тұр деп айттым. Жарылды. Астында тірегі тимей тұр. Соны жазда су ағып жатыр, сол кезде іргетасын құйдыру керек еді қаражат шығарып. Келу керек еді мына жерге. Келмеді”, – дейді тұрғын Амангелді Анарқұлов.
Көпірмен бірге оған жапсарлас жүргізілген су құбыры да құлаған. Салдарынан Келестегі бірнеше ауыл ауызсусыз қалды. Ол аздай көпірмен сабаққа келетін оқушылардың біразы қашықтан оқуға көшіп, біразы мектепке қоршаусыз өткелмен амалдап жетіп жатыр.
“64 метрлік көпір. Ені 11 метр. 1970 жылы салынған. 55 жыл болған бұл көпірге. Негізі тоғызығы әбден жеткен. Жылдан жылға біз ағымдағы жөндеуді жасап жүргенбіз. Алдыңғы жылы мәлімет бойынша жағаны бекіту жұмыстарын жасағанбыз. Бірақ ол да жеткілікті болған жоқ”, – дейді Түркістан облысы әкімінің орынбасары Зұлыпхар Жолдасов.
Халықпен кездесуге келген әкімдік өкілдері жағдайды көп ұзамай реттейміз деп отыр. Сөздеріне сенсек 4 айдың ішінде ескі көпірдің орнына жаңа өткел салмақ. Оған дейін оқушыларды айналма жолмен алып баратын көлік шығаруға, қираған су құбырын да ертеңге дейін жөндеуге уәде берді.
Еске салсақ, бұған дейін Түркістан облысында Келес өзені арқылы өтетін көпір құлағаны туралы жазған едік.
Екі күнде үш рет төтенше жағдайда қонды: Авиация сарапшысы қыс мезгілінде ұшудың қаншалық қауіпті екенін айтты