Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Құқық қорғаушылар түрмедегі жазаны айыппұлмен және жұмыспен алмастыруды ұсынды

Фото: Ru.freepik.com

Қазақстандық құқық қорғаушылар бас бостандығынан айыру жазасының балама түрін енгізуге шақырады. Олардың айтуынша, қазір түрмелерде орын жоқ, ал түрмеде отырып шыққан сотталушылар бәрі бірден түзеліп кетпейді. Сондықтан тұтқындар қоғамдық жұмыстар істеуі керек деп санайды.  Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды. 

Андрей Турлов Ұлттық профилактикалық бағдарламаның қатысушысы ретінде сотталғандармен жиі сөйлеседі. 

“Жол ережесін бұзғандар мен басқа да құқықбұзушылар көшені сыпырып, бордюрларды бояп және басқа да қоғамдық жұмыстармен айналысуы керек деген ұсыныстар айтылып жатыр. Қазіргі қолданыстағы кодексте мұндай норма жоқ, бірақ бұл тақырып талқылануда. Мысалы, адамдарға айыппұл салудың орнына оларды қоғамдық жұмыстарға тарту ұсынылып жатыр”, – деді Андрей Турлов.

Адам құқықтары жөніндегі қорғаушы Евгений Жовтис айтуынша, ауыр қылмыстар жасағандарды, атап айтқанда, кісі өлтірген, зорлаған, қарақшылық жасаған адамдарды қоғамнан оқшаулау қажет. Ал қалғандарын қаржылай жазалау тиімдірек болады дейді. Себебі түрмеде адам көп табыс таппайды, сондықтан келтірілген залалды толық өтеуі екіталай. Сондай-ақ Жовтис түрмелер мен пробация қызметін ІІМ құрамынан шығарып, әлеуметтік реинтеграцияға басымдық беру керек деп санайды.

“Бұл іспен полицей-қорғаушылар емес, әлеуметтік қызметкерлер айналысуы керек. Тәрбие мен әлеуметтік бейімделуді үйлестіретін жаңа тәсіл қажет”, – дейді Халықаралық адам құқықтары бюросының сарапшы-кеңесшісі Евгений Жовтис.

Заң ғылымдарының кандидаты Ақылбек Кабжанов та бостандықтан айыру жазасының тиімді емес екенімен келіседі. Мысалы, бір адам 10 мың теңге ұрласа, ал оны колонияда ұстауға мемлекет күн сайын 7,5 мың теңге жұмсайды. Сондықтан ол адамды бостандығынан айырмай, келтірілген зиянды өтеуге міндеттеу керек дейді.

“Айыппұлды мемлекетке түсетін қаражат ретінде емес, қазақ халқының тарихындағыдай үш еселік, алты еселік, тоғыз еселік өтемақы ретінде қарастырған дұрыс. Оның бір бөлігі жәбірленушіге берілуі керек. Мұнда жәбірленушінің кім екені маңызды емес”, – деді "Болашақ" академиясы құқықтық және қаржылық пәндер кафедрасының меңгерушісі Ақылбек Қабжанов.

2000-жылдардың басында Қазақстанда 90 мыңнан астам сотталған адам болса, оның 1 мыңнан астамы кәмелетке толмаған еді. Қазір бұл көрсеткіш үш есе азайған, ал балалар, шамамен, 50 адам. Дегенмен мемлекет барлық сотталғандарды ұстауға күніне 225 миллион теңге жұмсайды. 

Айым Болатқызы
Жұма, 16 Мамыр, 2025 15:21
Талқылау