Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Құқық қорғаушы Қаңтар оқиғасы кезінде кәмелетке толмаған 13 бала мен 12 әйелдің азапталғанын айтты

Қаңтар оқиғасынан кейін тергеу изоляторында ауыр жарақат алған 190 адам құқық қорғаушылардың көмегіне жүгінген. Оның ішінде 13 кәмелетке толмаған бала мен 12 әйел бар. Бұл туралы Ulysmedia.kz порталына Қазақстан "Балалардың құқығын қорғау" үкіметтік емес ұйымының жұмыс тобының үйлестірушісі Роза Ақылбаева мәлімдеген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Кантар балалар

Дереккөз Азаттық сайты

Оның айтуынша, құқық қорғаушылар сегіз балаға заңгерлік немесе қаржылай көмек көрсеткен, себебі кейбір жасөспірімдер жұмысқа ерте араласып, өмірлік жағдайына байланысты отбасының асыраушысына айналған.

"Кейбір балалардың қорқып қалғаны соншалықты, олар арыз жазғаннан әрі аспаған. Бұлтартпау шарасын өзгерте салысымен олар бірден болған оқиғаның барлығын ұмытуға тырысқан", - дейді ол.

Ақылбаева мысал ретінде наразылық кезінде тергеу изоляторына түсіп, кейін өзі "үйіне еңбектеп" жеткен Шығыс Қазақстан облысындағы баланың оқиғасын келтірген.

"Анасының айтуынша, баланы жайдан-жай соққыға жыққан, ол тіпті алаңға да бармаған, тек сол уақытта алаңға жақын маңнан өтіп бара жатқан. Балақының қорыққаны сонша, ол: "мен барлығын ұмытып, қайта есіме алғым келмейді", - деп қосты құқық қорғаушы.



Ақылбаева халықаралық стандарттарға сәйкес балаларға әрқашан адамгершілік шаралар қолданылатынын баса айтқан.

"Баланың құқығын жақсы түсінетін инспекторларды, криминалисттерді тарту керек болды. Алматыда, Талдықорғанда қысымға ұшыраған балалармен ешкім жұмыс істеген жоқ. Олар тірі қалса, физикалық ауырсыну түбі басылады, бірақ психологиялық жара мәңгі қалады. Азаптауға ұшыраған адамдарды, әсіресе балаларды, олардың туыстарын оңалту өте маңызды, өйткені олардың туыстары қатты үрейленген", - дейді ол.

Айта кетейік, Талдықорғандағы қаңтар оқиғасы кезіндегі азаптау ісі бойынша сот отырысында кәмелетке толмағандарды азаптау туралы айтылған. Зардап шеккен 23 адамның төртеуі кәмелетке толмағандар.

Талқылау