Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Құдық суына батып кеткен: Қостанай облысында 5 жастағы баланың өліміне қатысы барлар жазаланды

Қостанай облысының Арқалық қаласында бес жасар бала құдық суына батып кетті. Қайғылы оқиға өткен жылы болса да, күні бүгінге дейін кәріз жүйесіне жауапты Арқалық жылу-энергетикалық компаниясынан ешкім жазаланбапты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап. 

Жалғыз ұлынан айырылған отбасы, тіпті, қалалық сотқа да жүгінген. Алайда жергілікті Фемида «жығылғанға жұдырық» демекші, коммуналдық компанияның басшыларын ақтап шығарған. Мұнымен келіспеген жеткіншектің жақындары облыстық сотқа да барды. Мәселеге қатысты сот отырысы өтіп, шешім шығарылды. 

Батыр Сейтбаттал 2019 жылдың 26 желтоқсанында үй жанында ойнап жүріп, құдыққа құлаған. Далаға шықса хабарсыз кетпейтін баласын 20 минуттан кейін анасы іздеп шығыпты. Алайда осы санаулы минуттардың өзі 5 жасар баланың кәріз суына тұншығып, көз жұмуына жеткілікті болған. Қара жамылған отбасы оқиғаны зерттей келе, терең құдыққа «АТЭК», яғни Арқалық жылу-энергетикалық компаниясы жауапты екенін білген.

"Баланы моргке апарғанша, қойғанша «АТЭК» мекемесінің басшылары, Арқалық қаласының әкімшілігінен, бүкіл органдардан адамдар келіп, суда сорып құдықтағы, кранмен сол жерді жауып тастады", - дейді Батырдың анасы Баян Баязитова.

Кейіннен оқиға кезінде құдықтың бетін қар басып қалғаны да анықталған. Әйтпесе «Батырымыз сақ болатын» дейді, баланың жақындары. Қайғы жұтқан ата-ана Арқалық жылу-энергетикалық компаниясының басшылығын қалалық сотқа берген. 

"Біздің Арқалықтың соты осындай үкім шығарып отыр. Мен онымен келіспеймін. Әділетсіз шешім деп отырмын. Бұл құдыққа «АТЭК» жауапты. Өйткені бір құдықтан су ішеміз. Совет үкіметінен қалса да, сол бір трассадан өтеді", - дейді марқұмның анасы.

Әділдікті таппадық деген балақайдың туыстары облыстық сотқа жүгініпті. Қайғылы оқиғаға қатысты отырыс Қостанайда онлайн форматында өтті. Оның қорытындысын жәбір көрген жақтың қорғаушысы бізге айтып берді.

"Бекешев Батырға 2 жыл бас бостандығынан шектеу қолданып, қаулы бойынша берілген моральдік және материалдық шығынды 3 миллион 400 мың өндіруді шешім қабылдады. Әділдік орнатылды", - дейді жәбірленушінің қорғаушысы Дастан Шамшин.

Аймақ деңгейіндегі сотта Арқалық жылу-энергетикалық компаниясындағылар құдықтың өзгеге тиесілі екендігін тағы да дәлелдемек болыпты. Алайда сот алқасы 2000-шы жылы кәріз жүйесінің жоғарыда атаған мекеме балансына берілгенін дәлел келтірді. Сондай-ақ Батыр Бекешев пен қоластындағылар құдықтың мүлдем бар екенін де білмегендігі туралы отырыста айтылды.

Күмәнді шешім шығарған Арқалық соты мен жарық пен жылу беретін компания бастығының адвокатына соттан кейін хабарластық. Алайда олардың ешқайсысы қандай да пікір беруден бас тартты. Ал, жалғыз ұлы, бес жасар Батырынан айырылған ата-ана әлі де тоғыз ай бұрынғы қорқынышты күн көз алдымызда дейді.

STAN.KZ
Жұма, 28 Тамыз, 2020 09:18
Талқылау