Заң шықты деп әйелдер күйеулерін халық жауындай ұстап беріп жатыр – Сара Тоқтамысова
“Дарын” мемлекеттік сыйлығының иегері, айтыскер ақын Сара Тоқтамысова тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы заң жобасына қатысты ойын бөлісті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: https://www.instagram.com/sarkanai/
Өнер иесі әлеуметтік желіде біреудің өмірін талқылап отыратын оқырмандарға үндеу жасады.
“Қазір бізге біреудің өмірі өте қызық. 24 сағаттың 18 сағатында "әйелі былай депті", "күйеуі не жауап берді екен" деп бөтен отбасының парақшасын аңдумен отырамыз. Жұбайлық өмірдің түрлі сәттері болады ғой. Соның бәрін инстаграмға сала беруге қарсымын өз басым. Қазір әлеуметтік желіде отбасылық өмірді талқылау желдей есіп кетті. Мен зорлық-зомбылық, ұрып-соғу дегенге түбегейлі қарсымын. "Қарсы емеспін" дейтін әйел жоқ шығар?! Қисық қабырғаңнан жаратылған жанды өз әлеміңе сай етіп түзеп алам деу ең ақымақ еркектің қағидасы. Оны ұрып-соғып тәрбиелей алмайсың. Егер әйелің көзіңе жын боп көрінсе, басқа жолын тап. Одан да босата сал. Ұрып-соғып, әке-шешесінен боқтап жөнге салу – бос әурешілік. Әйелге қолын тигізіп, әке-шешесінен боқтаған күні еркек өзінің "еркек" деген құнын түсіріп алады. Осыны ойлаңдар, азаматтар!”, – деп жазды ақын.
Сондай-ақ айтыскер ақын заң шықты деп күйеулеріне жала жабатын әйелдерді де сынады.
“Мұның екінші жағы бар. Қазақстанда заң шықты екен деп пәлен жыл отасқан күйеулерін халық жауы құсатып ұстап беріп жатқан әйелдер де шығып жатыр. Біздің, әйелдердің, тіліміз өте ұзын. "Қой" дегенде қоя салмай, кей жігіттің тілін шығарамыз. Сондықтан болған жайтты жұртқа жайып, жөнсіз-жобасыз күйеуіне қара күйені жағып, өзі сүттен ақ, судан таза болатын әйелдерді Құдай кешірсін. Ешқашан тек бір жақ кінәлі болмайды, соны сарапқа салып, ойлану керек деп ойлаймын. Біреудің өміріне араласып, пікір жазып уақытыңды бос кетірмей, өзіңмен айналыс, уақытты өзіңе арна”, – деп кеңес берді айтыскер.
Еске салайық, тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы заң мақұлданған еді. Президент тұрмыстағы зорлыққа қарсы заңға 15 сәуір күні қол қойды. Заң 60 күннен кейін күшіне енді.