Қазақстанда күштік құрылым қызметкерлеріне тұрғын үй алу жеңілдейді
Фото: t.me/qr_tjm
Бүгін сенатта күштік құрылым қызметкерлері мен әскери қызметшілерді, олардың отбасы мүшелерін әлеуметтік қолдау шараларын күшейтуге бағытталған заң жобасы қаралды. Алайда құжатқа түзетулер енгізіліп, қайта қарау үшін мәжіліске қайтарылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сенаторлар тұрғын үй төлемдеріне қатысты бірқатар өзгеріс ұсынды:
- енді тұрғын үй төлемдерін алу үшін тұрғын үйдің шаршы метрінің шекті нормативі үкімет бекіткен Тұрғын үймен қамтамасыз ету қағидаларында айқындалатын болады. Бұрын 90 шаршы метрге дейін шектеу болған;
- егер қызметкер бұрын тұрғын үй немесе өтемақы алған болса, төлемдерді қайта есептеу негіздері нақтыланды. Бұл екі рет қаржыландырудың алдын алады.
Жалпы, заңда мынадай ережелер қарастырылған:
- тұрғын үй төлемдерін алушылардың қатарына азаматтық қорғау органдарының, қаржы мониторингі агенттігінің және прокуратураның қызметкерлері қосылады;
- төлемдерді тұрғын үйді сатып алуға немесе жалға алуға ғана емес, сонымен қатар ипотека үшін жинақтауға да жұмсауға болады;
- үйді жалға алу төлемдерін пайдалануға шектеу енгізілді – 8 жылдан аспауы керек, шарт мерзіміне қарамастан міндетті болып саналады;
- қызметтік тұрғын үйді 20 жыл қызмет еткеннен кейін жеке меншікке тегін тіркеуге болады; бұл құқықты қайтыс болғандардың отбасылары да пайдалана алады;
- әскери қызметшілерге оқу-жаттығуларға, теңіз сапарларына және басқа да іс-шараларға қатысқаны үшінжол жүру ақысын қоспағанда, тәулігіне 1,2 АЕК далалық төлемдер төленеді.
- Ішкі істер органдарының құрылымы нақтыланды – "жергілікті полиция қызметі" ұғымы алынып тасталды, "ішкі істер департаменттері" деген сөз "полиция департаменттері" деп өзгертіледі
Заң сенаторлар ұсынған түзетулермен мәжіліске қайтарылды.

"Түрің түрмеден шыққан адам сияқты": Қоғамдық көлікте ер адамның қазақстандық арудың сырт келбетіне тиіскені желідегілердің ашуын туғызды (видео)
