Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Құрбандық шалмағандарды мешіттен қуып шыққан молда жұрттың жағасын ұстатты

Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Балтабай ауылдық округі әкімінің орынбасары қызметін атқарып жүрген Сәуле Әліпова ауылдық жерде болған бір оқиғаны баяндап берді. Еңбекшіқазақ ауданы, Бірлік ауылындағы мешіттегі имам құрбандық шалмаған отбасыларды мешіттен қуып шығып, жұрттың көзінше масқаралаған. Мұнымен қатар, өзге де күмәнді істері бар екен. Әкім орынбасарының айтуынша, молданың бұл қылықтарынан әкімдік те, ауданның бас имамы да, облыстық және аудандық ішкі саясат бөлімдері де хабардар.

1141705F-04CE-442C-83EF-C13C33192824_w1023_r1_s

Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.

Алтынай әпкем неге жылады? Бүгін көрші айтқа құрбандық шалып, ауыл жұртын шақырып әкесіне ас берді. Ас беріліп жатқанда қарама-қарсы отырған келіншек еңіреп жылап жіберді.

– Не болды Алтынай? – деп әйелдер шу ете қалды.

– Бүгін молда менің күйеуімді “құрбандық шалмадың, мешітке кіруге хақың жоқ” – деп дүйім жұрттың алдында масқарасын шығарып, мешіттен қуып шықты, Онысымен қоймай, оған жақтасқан Қадысты қоса қуып шығыпты. Содан екеуі көрші ауылдағы мешітке кетуге мәжбүр болды. Күйеуімнің жүрегі ауру. Таңнан бері үйге сыймай жүр қиналып. Біздің жағдайымызды білмейді ме ол, бар болса сояр едім бір қойды? – деп еңірегенде етегі жасқа толды. Қан қысымы көтеріліп қиналып қалды.

Әйелдер басу айтып азан-қазан болды да кетті. Бұл кезде есік алдында ер-азаматтардың арасында да осы жағдай бойынша ырду-дырду болып жатты. Молданың адамдарды “мешіттен шық!” деп жұртты қууы бірінші рет емес… Күмәнді тірлігі көп… Ауыл күңіренді…

Молданың тұрғындардың наразылығын тудырып отырған жат қылықтарынан, әкімдік те, ауданның бас имамы да, облыстық және аудандық ішкі саясат бөлімдері де хабардар. Бірақ, қолданып отырған шара жоқ…. Білімі жоқ молданы бұлай тайраңдатып қойған кім, қашанғы тайраңдайды? Бүгін Мұрат аға мен Алтынай әпке шарасыздан жылады, ертең кімнің кезегі?
Менің жазбасқа басқа амалым қалған жоқ…

Аталған оқиға жергілікті халықтың жағасын ұстатқан. Осы орайда олар молдаға бағытталған түрлі жағымсыз пікір білдіріп жатты. “Сұмдық-ай, бұл жағдай 21 ғасырда болып жатыр ма?”, “Құрбандықты намаздан кейін шалатын еді. Қайдан шыққан молда?!”, “Ондай молданы құрту керек! Аулақ жүрсін мешіттен!”, “Ол арамзаның суретін осында салып, қарабет қылу керек” деп жазады желі қолданушылары.

Молда Қытай Халық республикасынан келген екен. Айтуынша, құжаты жоқ, тек бастауыш білімі бар. Діни білімі де жоқ. Бір апталық оқыған сертификаты ғана бар. Уақытша молда болып тағайындалғанына 7-8 жыл болған.

Құрметті Stan.kz сайтының оқырмандары! Өрелі адамдар жайында айтар өнегелі әңгімеңіз немесе қызықты фото, видеоңыз немесе бізге айтар ұсыныс-тілектеріңіз бар болса, [email protected] поштасына хат жазуларыңызға әбден болады.


Талқылау