Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Күніне 500 теңге": Шімән апаны сомдайтын актер автобус кондукторы болғанын айтты

Шімән апаның образында танылған танымал актер Ерболат Төлеген кезінде Ақтөбеде автобус кондукторы болып істегенін айтты. Ерболат мектепте оқып жүрген кезінде науқас әкесіне көмектесу үшін әртүрлі жұмыс істеген. Бұл туралы ол Hit-TV арнасының "Менің өмірім" бағдарламасында айтты, деп хабарлайды Stan.kz.

Ерболат Төлеген Ақтөбе облысының Шалқар ауданында туған. 8-ші сыныпқа дейін ауылда білім алған ол кейін отбасымен қалаға көшкен. Оған ата-анасының денсаулық жағдайы себеп болыпты. Сол шақта науқастанып қалған әкесіне қолғабыс болу үшін Ерболат қоғамдық көлікте кондуктор қызметін атқарған. 

"Ол уақыт жалғыз біздің отбасында емес, қазақ елінде, ТМД-да енді-енді тоқырау заманынан шығып келе жатқан кез. Алматы қаласынан Астанаға көшіп жатқан кез. Былай тартсаң, былай жетпейді. Бір жанұяға тұрмақ, бір балаға қарай алмайтын кез ғой. 

Алла Тағала адамға көтере алатын сынақ береді дейді ғой. Ондай дүниемен, ақшамен сынағанына шүкір. Оның бәрі ұмытылды. Қазір бір нанымыз екі нан болды.


Ғаділбек Жаңай: Алматыда жыртық аяқ киім, тесік нәскимен жүрген кезім болды 


Иә, кондуктор болдым, оның ешқандай әбестігі жоқ. Менің әпкемнің құрбысына біреу айтқан ғой: "Мынау баяғыда кондуктор болды" деп. "Қуасың ба, ол актер ғой" деп бой бермеген. Екеуі мың долларға бәстескен. Құрбысы әпкеме звондап сұрайды. "Иә" дейді. 

Керемет, күніне 500 теңге табасың. Жұрттың балалары 6 күн оқып, жексенбі күні "от души" ұйықтайтын. Дүйсенбіден сенбіге дейін таңертең 8-де тұрып, 100 метр жердегі мектепке баратынмын. Үшінші сабақтан кейін 15 минуттық үлкен қоңырауда үйге келіп тамақ ішіп кететін кездерім болды. Сондай ерке болдым. 

Ал бірақ жексенбі күні таңғы 4-те тұрып, автопаркке баратынмын. Кез келген газельден: "Кондуктор бар ма?" деп сұрайтынмын. Кімде шықпай қалады, сол алып кетеді. Кешкісін өзеннің ортасына барып, газельді жуасың. Оған 200 теңге қосып береді. 1999-2000 жылдары 700 теңге деген жақсы ақша. Әкем 1500-2000 теңгедей зейнетақы алатын. 
Аптасына 700 теңге деген, айына әкеңнің пенсиясынан екі есе көп тауып тұрсың ғой", – деп еске алды Ерболат Төлеген.

Актер оқушы болғанына қарамастан, тағы да қосымша жұмыстар істеген. Өзі бала күнінен саудаға жақын болғанын айтады.

"Әкем ауырып жүрсе де, мектепте қарауыл болып істеді. Сонда түнде мектепке барып, жертөлесіне түсіп, ескі-ескі двп-ларды алып, шүберекпен жуып, бетін краскілеп, трафаретпен жазуын жазып, газельдің алдына қоятын табличка жасайтынмын. Оны маршруттарға апарып 300 теңгеден сататынмын. Сөйтіп тағы да шамалы ақша істеген кездерім болды. Кішкентайымнан саудаға жақын болдым. Қазір өнерде жүргеннен кейін сауданы ұмытып кеттім", – дейді актер.

Назгүл Әбушәріпқызы
Жұма, 27 Тамыз, 2021 12:06
Талқылау