Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Күні-түні қырда жүреміз": Байланыс пен желінің жоқтығы Түркістан облысының жұртын сарсаңға салды

Түркістан облысында Леңгір қаласына қарасты Шахта-Тоғыс елді мекенінің халқы көз ашқалы желі мен интернет байланысын көрген емес. Ауыл адамдарды ұялы телефонмен сөйлесу үшін қыр жағалап, күрең жолдың бойында жүреді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Бәрінен де мектеп оқушыларына, Ұлттық бірыңғай тест тапсыратын түлектер мен мұғалімдерге қиын болды дейді тұрғындар. 

“Бізге ҰБТ-ға дайындалу өте қиын болып жатыр. Қазір енді күн суық, қыс мезгілі де кеп қалды. Сонау ауылдан жаяу шығу да бізге оңай боп жатқан жоқ. Көктайғақ. Жағдай қиын. Осы жаққа келіп, желіде отырып сабағымызды істейміз. Күні-түні, былайша айтқанда осы қырда жүреміз”, – дейді 11-сынып оқушысы Бағдәулет Ергешбай. 

Шахта-Тоғыс елді мекенінде 200-ге жуық отбасы тұрады. Мұнда мемлекетттік мекемелер де жұмыс істеп тұр. Алайда ондағы Wi-Fi желісінің жұмысы да оңып тұрған жоқ. 

“Былтыр қарапайым өрт сөндіру қызметін шақыра алмадық қой. Ағайындарымыздың шөбі, сарайы өртенді. Содан кейін жедел жәрдемді де шақыра алмаймыз. Жедел жәрдемді шақыру үшін мына қырға шығамыз немесе машинасы бар адам көлікке мінеді де Леңгірге барады. Оған қанша уақыт кетеді. Мына жерде ауырып жатыр ма адам, өліп жатыр ма...”, – дейді ауыл тұрғыны Долан Сартаев.



Ауыл маңында әскери бөлім мен түзеу мекемесі орналасқан екен. Жергілікті билік байланыстың болмауына сол мекеме себеп дейді. Алайда ауыл тұрғындары бұл жауаптың тек сылтау екеніне сенімді. 

“Сол түрмедегі байланысқа кедергі жасайтын құрылғының (заглушка) бұл жерге ешқандай несі жоқ екен. Олардың периметрі 50 метр-ақ екен. Ал бұл жерде бізде 500-600 метр шығады. Мына жақтары ұстай беруі керек еді. Бармаған, баспаған тауымыз қалмады. Шахта-Тоғыс елдімекені жұртының осы несін әкімдіктегілер бізге көмектесуін сұраймыз”, – дейді тұрғындардың бірі Нұриддин Аманжолов.

Жергілікті әкімдік Шахта-Тоғыстан бөлек, Жаңа күш ауылында да ұялы байланыс ұстамайтынын жасырмады. Бұл мәселені шешуі жолы қарастырылып жатқан көрінеді.

“Шахта-Тоғыс елдімекенін барып көрдіңіздер ғой, ол сайда орналасқан. Ал базалық станция елді мекенге кірмей жатып, оң жағындағы қырда. Соны қырдың мына бетінен сол бетіне орналастырады. Сол кезде елді мекенге жақындайды. Жаңа мен айтып кеткендей, жылдың соңына дейін ауыстырамыз деген уәдесі бар”, – дейді Леңгір қаласы ақпараттандыру және мемлекеттік қызмет көрсету мониторингі бөлімінің басшысы Бейбіт Төлешов.

Осы ретте тұрғындардың талабы ұялы байланыс операторларына жетті. Олар бірер аптада мәселені шешіп береміз деп сендірді. 

Талқылау