"Күнделікті тіршілігіме оралатын сәт таяп қалды": Қастандық жасалып, ауруханаға түскен Руслан Берденов желіде жазба жариялады
Фото: instagram.com/ruslan_berdenov
Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденов қастандық жасалып, ауруханаға түскеннен кейін алғаш рет желіде жазба жариялап, қиын сәтте тілеулес болған жандар мен дәрігерлерге алғысын білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Берденов жазбасын Instagram-дағы жеке парақшасында жариялаған.
“Құрметті шымкенттіктер, қадірлі Қазақстан халқы! Менің басыма түскен ауыр жағдайдан көпшілігіңіз хабардарсыздар деп білемін. Бұл оқыс оқиға маған да, менің отбасым мен жақындарыма да ауыр тигені анық. Мұны сөзбен айтып жеткізу өте қиын”, – деп жазды ол.
Ол “сынаққа толы болған осы уақыт аралығында көптеген адамның, әріптестерінің, тамыр-таныстарының жанашырлығын, қолдауын сезінгенін” айтты.
“Телефоныма түскен қоңыраулар, хабарламалар, әлеуметтік желідегі тілеулес жазбалар көңіліме демеу болғанын, күш-қуат бергенін, сергіткенін айтқым келеді.
Міне, 3 аптаға созылған ауруханадағы күндерім аяқталып, өзім де аяқтан тұрып, күнделікті тіршілігіме оралатын сәт таяп қалды. Әлбетте, бірінші Алланың, содан соң дәрігерлеріміздің жіті бақылауының, ем-домының арқасында денсаулығым оңалды, қалпына келді”, – дейді Берденов.
Бұл ретте ол қалалық аурухана ұжымына алғысын білдіріп, “осы уақыт ішінде еліміздің медицинасы көп ілгерілегеніне, шетелдік клиникалардан еш кем емес екеніне көз жеткізгенін” атап өтіпті.
“Ақ халатты абзал жандарымыздың мейірімі мен кәсібилігі де ризашылығымызға әбден лайық. Баршаңыздың қолдауларыңыз бен жанашырлықтарыңызға шексіз алғысымды айтамын”, – деп түйіндепті сөзін Берденов.
Еске салсақ, 22 сәуірге қараған түні Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасалғаны туралы ақпарат тарады. Ол жамбас және иық тұсынан оқ жарақатын алып, ауруханаға жеткізілді. Оған шұғыл түрде ота жасалды. Шабуылдың алдын ала себебі ретінде бірнеше нұсқа айтылды. Бірі Руслан Берденов шабуыл жасаған адамның әйеліне тиісті десе, енді бірі бұл жағдайды Шымкенттегі құрылыс саласындағы былықтармен байланыстырды. Кейінірек әкімдік өкілдері шабуыл жасаған адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын мәлімдеді.
22 сәуірде Руслан Берденовке қастандық жасаған деп күдіктелген Ернар Жиенбай туралы деректер тарай бастады. Онда Жиенбай Берденовті қызметінен босатпақ болғаны үшін кек алу мақсатында атқаны айтылған.
Кейін Ернар Жиенбайдың әкесі мәлімдеме жасап, тергеу мен сот әділ түрде істің барлық мән-жайын анықтайтынына сенім білдірді. Сонымен қатар халықтан асығыс қорытынды жасамауды және эмоцияға берілмеуді сұрады.
Бас прокуратура өкілдері істі Шымкент қаласының полиция департаменті тергеп жатқанын хабарлады. Тергеу Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі (Қылмысты істеуге оқталу) және 99-бабы 2-бөлігінің 6-тармағы (Басқа адамдардың өміріне қауіпті тәсілмен жасалған кісі өлтіруге оқталу) бойынша жүргізіліп жатқаны мәлім болды.

Алматыда күзетші мейрамханаға келген қызды сүйреп шығарып жіберген: Көпшілік ресторанға бойкот жариялады
