Kundelik порталында оқушылардың жеке деректері тарағаны туралы ақпарат пайда болды: Ата-аналар техникалық ақауларға шағымдануда

Желіде Қазақстанда оқушылар мен олардың ата-аналары қолданып жүрген Kundelik электронды порталында бірнеше мың пайдаланушының деректері тарап кеткені туралы ақпарат пайда болды. Ресейдің "Дневник.ру" сервисінің аналогы саналатын порталда оқушының аты-жөні, туған күні, оқитын мектебі мен сыныбы туралы ақпараттар сақталған. Ата-аналар одан бөлек, күнделіктің дұрыс жұмыс істемей түн ортасында “балаңыз мектепке жетті” деген хабарлама жіберетінін сынға алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
“Выход к морю” Telegram арнасының мәліметінше, бұл жүйе – Ресейдің "Дневник.ру" сервисінің аналогы.
“Тараған ақпараттың ішінде оқушының аты-жөні, туған күні, оқитын мектебі және сыныбы бар. Деректер желідегі тарап кету агрегаторларында желтоқсанның басында жарияланған. Онда көрсетілген мәліметтер қыркүйек айына дейін өзекті болғаны жазылған. Яғни ақпараттың жақында тарағанын білдіреді. Компания бұл туралы ресми түрде хабарлаған жоқ. Тараған ақпараттың нақты көлемін бағалау қиын. Darknet-тегі "биржаларда" бірнеше мың жолдан тұратын файлдар бар. Әдетте мұндай шағын файлдар сатып алушыларға "сынама" ретінде қойылады. Сондай-ақ қандай деректер толық тарағаны да белгісіз: аккаунттардың логиндері мен құпиясөздері, телефон нөмірлері немесе басқа да ақпарат бар ма әзірге айтылмайды. Kundelik Қазақстан мектептерінің басым бөлігі үшін міндетті жүйе болғандықтан, ал оның пайдаланушылары миллиондаған оқушы, ата-ана және мұғалім екенін ескерсек, тараған ақпараттың салдары өте ірі болуы мүмкін”, – делінген жазбада.
Деректерге сай, Kundelik платформасының иелері – оның негізін қалаушы Мұхтар Ильясов пен оның серіктесі, "Зерде" холдингінің бұрынғы топ-менеджері Асқар Бишигев (Innovation Process Group арқылы), Нұрсұлтан Назарбаевтың ортаншы қызы Динара Құлыбаева (MP Innovations арқылы) және ресейлік "Дневник.ру" компаниясы. Қазақстандық Kundelik дәл осы ресейлік компанияның технологиялары негізінде жасалған.
“Kundelik платформасы да, "Дневник.ру" сияқты, жиі сынға ұшырайды: монополия, жеке деректердің нашар қорғалуы, жарнаманы өшіру сияқты ақылы функциялардың енгізілуі. Бірнеше рет жарнамалық интеграциялар салдарынан қазақстандық оқушылардың электронды күнделіктерінде порно-роликтер көрсетілген жағдайлар да болған. Мұғалімдер мен ата-аналар платформаның тұрақсыз жұмысына да шағымданған”, – делінген жазбада.
-
Солтүстік Қазақстанда оқушылар химия пәнінің мұғалімі сабақ кезінде өртеніп кетті
-
Қазақстанда қайтарылмайтын билеттерді алып тастап, айыппұлдарды күшейтпек
Редакцимызға сонымен қатар соңғы кезде Kundelik платформасында ақау пайда болғаны туралы айтып алматылық ата-ана шағымданды.
“Порталда техникалық жағынан ақау барын бұрыннан байқап жүрміз. Порталды ата-анаға баламыз мектепке барғанда бір, мектептен шыққанда бір хабарлама келеді. Біраз болды, сол жүйеде ақау пайда болды. Уақыт өткен сайын тіпті түнде шошытатын болды. Түнгі 2-де ұйықтап жатқанымызда баламның мектепке жеткені туралы хабарлама жібереді. Ал ұлым сол кезде жанымда ұйықтап жатты. Бұл жағдай тек бір рет болған жоқ. Күндізгі уақытта ұлым үйде кезінде де сондай хабарламалар келеді. Платформаның одан басқа да ақауларын байқадым. Ал біз сол үшін айына 400 теңге төлеп отырмыз.
Ал деректердің тарап кеткенін естіп тіптен таңғалып отырмыз. Ойлаңызшы, балалардың қаншама ақпараты бар. Бұл қауіпті емес пе? Мектебі, мекен-жайы, сыныбы, аты-жөні қаншама ақпарат? Осымен қоймай еліміз орталық хабқа айналады дейміз. Деректеріміз осылай тарала берсе қандай қауіпсіздік туралы айтамыз? Бұл ұят әрі алаңдайтын жағдай”, – деді ата-ана.
Stan.kz тілшісі ақауға байланысты компаниядан пікір сұрады. Дегенмен компания жауапты ресми түрде дайындап жатқанын және БАҚ-қа алдағы уақытта тарататынын жеткізді.
Ал Оқу-ағарту министрлігінен редакциямыз оқушылар деректерінің тарап кетуіне байланысты жауап күтуде.
Жаңа жылға жұмсалған миллиардтар: Бюджеттен бір теңге бөлмейтін өңірлер қайсы?